Байқау жеңімпаздары марапатталды
Облыстық тарихи-өлкетану музейі жуырда Халықаралық Музейлер күні қарсаңында «Музей ЖИ көзімен» бейнеролик, «Тарих сөйлейді» жасанды интеллект арқылы жасалған комикс байқауларын жариялаған еді.
Басты мақсат – музей қорындағы құнды жәдігерлерді заманауи форматта таныстырып, жастардың өлке тарихына қызығушылығын арттыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тарихи-мәдени мұраны насихаттауда тиімді пайдалануды көздейді.
Байқауға облыстың бірнеше ауданынан мектеп оқушылары, мұғалімдер, сонымен қатар Орал, Астана, Алматы қалаларынан студенттер, магистранттар, белсенді жастар қатысып, жалпы 50-ге жуық шығармашылық жұмыс ұсынылды. Олар музей жәдігерлерін, өңірдің тарихи орындары мен көрнекті тұлғаларын жаңаша сөйлетіп, өлке тарихын цифрлық кеңістікте креативті түрде таныстыруға тырысқан.
Салтанатты шарада облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының орынбасары Медхат Қамбетов пен облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаздарды дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ байқау қатысушылары қыркүйек айына дейін қаламыздың барлық музейіне тегін кіруге мүмкіндік алды.
Шара соңында белгілі өлкетанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, музей ардагері Сара Танабаева жастарға ақ жол тілеп, шығармашыл жастарға батасын берді.
Шараның қорытындысы бойынша «Музей ЖИ көзімен» бейнебайқауы бойынша
1-орын Меллатова Әсем (Орал)
2-орын Хасан Нұрбек (Алматы)
3-орын Сабыр Әлиге (Қаратөбе ауданы) бұйырды.
Ал «Тарих сөйлейді: жасанды интеллект арқылы жасалған комикс» бойынша:
1-орын Кеңес Салтанат (Бәйтерек ауданы)
2-орын Құрманғалиев Бекарыс (Орал)
3-орынға Жасқайратова Альбина (Жәнібек ауданы) лайықты деп танылды.
Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, жаңа шығармашылық табыстар мен жарқын идеялар тілейміз!