«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

«Алаш жолы: Тарих, тағылым, ұрпақ». 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану музейінде Батыс Алашорда бөлімі қайраткерлерінің ұрпақтарымен, ғалымдармен өткізілген кездесу өтті

08.03.2026 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

«Алаш жолы: Тарих, тағылым, ұрпақ». 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану музейінде Батыс Алашорда бөлімі қайраткерлерінің ұрпақтарымен, ғалымдармен өткізілген кездесу осылай деп аталды.
Музей директоры Жантас Нәбиоллаұлы кездесудің алғы сөзінде меймандарға хош келдіңіздер айтып, бұл басқосудың мәні мен мазмұнына тоқталып өтті.
Кеш қонағы Дана Рахметоллақызы Қаржаубаева кездесуге Ресей Федерациясы, Кранодар өлкесінен арнайылап келіпті. Ол Алаш офицері, қайраткер Рахметолла Қаржаубаевтың қызы. Ал, Атыраулық Көптілеу Мұратұлы Тәжіғалиев біртуар азаматқа қатысты ақпараттарды зерттеп, тауып, Алаш мұрасының жанашыры болып жүрген заңгер.
Алғашқы қазақ мұнай барлаушы геологтарының бірі, Алаш құрылымының сарбазы және кеңес инженері Беркінғали Атшыбаевтың ұрпағы, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Әміржанқызы Ермекова Астана қаласынан атбасын бұрған.
Алаш қайраткерлерінің күреске толы ғұмырларын зерттеуші, түрлі монографияның авторы, тарих ғылымдарының кандидаты «Қайраткер» ҚҚ Президенті Дәметкен Досмұханқызы Сүлейменова да кездесудің құрметті қонағы болды.
Сөз алғандар Алаш партиясы өкілдерінің тамұққа толы тағдырларын, солақай саясаттың салқыны олардың ұрпақтарына да тигенін, әлі күнге ақталмаған тұлғалардың бар екендігін, ендігі міндет, сол ақтаңдақтардың орнын толтыру тарихшылардың еншісінде екендігін айтады.
Кездесуде түрлі естеліктер, әлі де көпшілікке жария болмаған тың ақпараттар айтылып, ортақ ойлар ортаға салынды.

Scroll to Top