А.С. Пушкин музей-үйінде Ғабдулла Тоқайдың 140 жылдығына арналған “Сырлы сөздің сәулесі” атты музейлік сағат өтті
А.С. Пушкин музей-үйінде татар халқының ұлы ақыны Ғабдулла Тоқайдың 140 жылдық мерейтойына орай «Сырлы сөздің сәулесі» атты музейлік сағат ұйымдастырылды. Іс-шараға Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының студенттері қатысты.
Музей меңгерушісі А.Г. Мурзабулатова жас буынға ақынның шығармашылық жолы туралы кеңінен баяндап, оның есімінің Орал қаласымен тарихи байланысына тоқталды. Татарстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы Г.Ш. Ваганова өз сөзінде Ғабдулла Тоқайдың өмірі мен шығармашылығын тереңірек талдап, тың деректермен бөлісті.
Педагог-хореограф, PhD докторы, БҰҰ халықаралық комиссиясының сарапшысы, «Қазақстан балет әлемі» журналының бас редакторы Л.А. Мамбетова ақынның «Шурале» поэмасы негізінде қойылған балет туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Ал Ғабдулла Тоқай музейінің директоры М.Р. Бағаутдинов Қазан қаласында өткен мерейтойлық ғылыми конференцияға қатысуы жайында айтып өтті. Музей үйлестірушісі А.Н. Лежнина ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Іс-шара соңында студенттер мен қонақтар А.С. Пушкиннің музей-үйі ұжымына мазмұнды әрі тағылымды музейлік сағат үшін шынайы алғыстарын білдірді.