Ерлікке тағзым: Зәкария Бисалиевке арналған көрме ашылды
Күні кеше Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінде азамат және Ұлы Отан соғысына қатысушы, соғыс және еңбек ардагері ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған Зәкария Бисалиевтің туғанына 125 жыл толуына байланысты «Майдангер» тақырыбында дайындалған көрменің ашылуы өтті.
Аталмыш көрмені музей меңгерушісі Ахмедияр Батырханов ашып, «Бойтұмар» мәдени клубының мүшелеріне таныстырып, жерлес майдангердің орден-медальдарымен марапатталған құжаттарын көрсетіп, жеке құжаттарын тілге тиек етіп, өмірбаянына шолу жасап, көреремендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Көрменің мақсаты: Азамат және Ұлы Отан соғысына қатысушы Зәкария Бисалиевтің туғанына 125 жыл толуына байланысты қан майданда тобықтан қан кеше жүріп, қар жамылып, мұз жастанған жерлесіміздің жауынгерлік жорықты жолдары мен бейбіт өмірдегі өмір жолын таныстыру, үлгі тұту, ерлік жолын есте сақтау және дәріптеу.