Қазақ хандығы және Бөкей Ордасының құрылу тарихы залы.
«Қазақ хандығы және Бөкей Ордасының құрылу тарихына арналған зал» қазақ хандығы, кіші жүз тарихы, Бөкей хандығының құрылу тарихынан сыр шертеді. Бұл залда хандардың суреті, қазақ халқының тұрмыстық заттары, сол кезеңдегі қару жарақтары: қысқа семсерлер, азиялық қайқы қылыштар, дулыға, торғауыт, шоқпарлар мен найзалар, қарсақ терісі, пілте мылтықтар музей қонақтарының назарына ұсынылған. 1801 жылы Еділ мен Жайық аралығында Кіші Бөкей ордасы хандығының құрылуы, Әбілқайыр хан әулетінің ұрпақтары Бөкей, Жәңгір хандар туралы тарихи мәлімет берілген. Бұл зал жәдігерлері арқылы Бөкей Ордасының соңғы ханы Жәңгір хан билік құрған кездегі қазақ халқын отырықшылық тұрмысқа көшіру, Орда қаласының негізін салу, қазақ даласында қазақ балалары үшін алғашқы мектеп ашу, қазақ балаларын сол кездегі өркениеті ілгері қалаларға оқуға жіберу, халыққа алғашқы екпе салу, алғашқы банк, сауда қарым-қатынастарын орнату, алғашқы баспахана, құм шағылға орман егу сынды реформаторлық істерімен танысасыздар.
1836-1838 жылдары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық күресі туралы мәліметтерді біле аласыздар.
Сонымен қатар біздің жыл санауымыздағы VІІ ғ басында қалыптасқан ислам діні туралы да мәлімет алып, ислам дінінің ең қасиетті «Құран» кітабын көре аласыздар.
Сондай-ақ бұл залға қазақ халқының өмірінде маңызды орын алған киіз үйдің фрагменті, киіз үй жиһаздары мен саятшылықтан хабар беретін жәдігерлер қойылған.