Этнография залы
Қазақ халқының көне заманнан бергі тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен сыр шертеді. Зал ортасында киіз үйдің шағын көрінісі қойылған. Ішінен кебеже, асадал, қоржын, ер-тұрман, әскери және аң аулайтын қаруды көре аласыз. Қасқыр, қарсақ, түлкі терілері киіз үйдің интерьерлік әшекейі ретінде ілінген. Керегеге шоқпар, қару, қамшы, желпуіш ілінген. Киіз үйде киім ілгіш — адалбақан қойылған, оған түлкі тымақ, ер адамның бас киімі ілінген. Сондай-ақ үй жиһаздары — сандық, жастықағаш, бесік орналасытырылып, төсеніштен – кілем, текемет, алаша, сырмақ, құрақ көрпе жайылған. Қабырғада жүннен, аппликация тігілген мата кілемдер ілінген. Киіз үй ортасындағы жазық, дөңгелек үстелдің үстінен ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар көре аласыз. Келесі экспозицияда әйел мен ер адамның киімдері, аяқ киімдері қойылған. Төменірек қол диірмендер, жез леген, құман, шоқ ыдыстар, қалақ, көсеу, майбылғағыш, келі, келсап қойылған.
Келесі экспозицияда ХІХ-ХХ ғасырдың күміс әшекей бұйымдары: білезік, сақина, жүзік, қапсырма, сырға, шашбау және т.б. жинақталған. Күміс пен мақпалдан дайындалған белбеу. Халық ән аспаптары домбыра, қобыз, сонымен қатар қалқан, шоқпар, теріден жасалған қымыз сақтауға арналған торсық түрлері (екі мүйізді, үш мүйізді), шақшалар (теріден және мүйізден жасалған), құман, жылқы құралдары — таға, үзеңгі, араб тілінде жазылған құран кітабы, саба қойылған.