Археология залы.
«Археология залында» тас, қола дәуірлері және сармат, ғұн тайпалары тарихымен танысып, осы кезеңге жататын Батыс Қазақстан облысы аумағынан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған түпнұсқа тас, қола балталар, жебе, найза ұштары, саз ыдыстар, қола инелер мен пышақтар, саф алтын жапсырмалар, алтын жалатылған темір ақинақ, ай тәрізді сырға және қоңыз бейнесіндегі сырға, ат әбзелі түрінде пайдаланылған күміс фалар, сүйектен жасалған қасықтар секілді құнды жәдігерлерді тамашалай аласыздар. Бұл құнды жәдігерлер өңіріміздегі Шлқар көлінің маңы, Қырық оба, Сегізсай, Володар, Қарасу, Бұлдырты аймақтарында жүргізілген археолгиялық қазба жұмыстары барысында табылған. Сонымен қатар осы залда Отандық археология ғылымында теңдессіз жаңалық болған, 2012 жылы облыстың Теректі ауданынан табылған Алтын ханшайымның құнды жәдігерлері де сақталған. Ежелгі сармат кезеңіне жататын жасы жиырмалардағы ақсүйек бай әйел біздің заманымызға дейінгі VI-V ғасырға жатады. Тақсай ханшайымы сырға, сақина, алқа секілді 119 алтын әшекейлерімен бірге жерленген. Тақсай кешенінен табылған аса құнды артефактар – алтын әшекей бұйымдар мен ерекше шошақ төбелі алтындалған бас киім, соғыс көрінісі бейнеленген тарақ дүниежүзілік маңызға ие болды.