«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

«Жылан жылы. Наурыз» картинасы (1989 ж.)

Сәкен Ғұмаров музей-үйі
«Жылан жылы. Наурыз» картинасы (1989 ж.)

Сипаттама

«Түркілер» топтамасынан. Наурыз – түркі халықтарының көне мейрамы. Картина көптеген шектеулерден кейінгі Наурыз мейрамының қайта жаңғыруына арналып салынған. Көне түркі мәдениеті, 12 жылда қайталанып келетін жылан жылдарындағы ғасыр катаклизмдары туралы барынша көп мағлұмат беруге тырысқан. Картинадан түрлі-түсті бейнеге боялған жыланның үстінде жылдар жазылғандығын көруге болады. Сонымен қатар, екі түрлі түске боялған адамның беті бейнеленген. Бұл – осы күні күн мен түннің теңесетіндігінің белгісі.

Сәкен Ғұмаров өте білімді, жан-жақты адам болған. Ол араб тілін, Орхон-Енисей жазуларын оқи білген. Тағы да айта кететін болсақ, суретшінің ерекшелігі әр картинасының төменгі жағына араб тілінде «Сәкен» деп жазылған. Сәкен шығармашылығының бір ғажабы – оның туындылары ұлттық мұра ғана емес, адамзаттың мұрасы екендігінде. Ал әңгімеміздің арқауына айналған  суретшінің «Жылан жылы» туындысында қазақ халқы үшін әрбір жылан жылында белгілі бір тарихи оқиғаның болып отырғанына, күрделі жыл екеніне көз жеткізуге болады. Саяси тақырыпқа арналған кескіндемедегі берілген сандарға тоқталсақ:1905, 1917, 1929,1941, 1953, 1965, 1977, 1989.

1905 жыл – «Қанды жексенбі» оқиғасы;

1917 жыл – Қазан революциясы;

1929 жыл – Қазақстандағы мал-мүлікті тәркілеу;

1941 жыл – Ұлы Отан соғысының басталуы;

1953 жыл – Сталиннің қаза болып, КОКП Орталық комитетінің І хатшылығына Н.Хрущевтің тағайындалуы;

1965 жыл – экономикалық дағдарыстың басталып, Л.Брежнов бастаған топтың билікке келуі;

1977 жыл – Қазақстанда «Кемелденген социализм» кезеңі деп аталып, КСРО-ның жаңа Конституциясының қабылдануы;

1989 жыл – КСРО-ның күйреу уақытын көрсеткен.

Туындыдағы жылан бейнесінің үстіңгі бөлігінде ай сәулесімен көмкерілген немесе «цунами» іспеттес өмір өнеріндегі он екі жыл атаулары айшықталған. Сірә, он екі жылдың бірінен соң бірі өмір ағысымен айналып келетінін бейнелесе керек. Әрбір жыл атауларының астына түркі жазуымен жазылған әріптер де ерекше көзге түседі.

 

Scroll to Top