Сүт сепараторы
Сипаттама
Иесі: Ерке Батырқызы Омарова аманаты Әсия Хамитова, 1970 жыл
Материалы: алюминий, полимер
Техникасы:қолмен айналатын, электр қуатымен де жұмыс істей алатын, центрифугалық әдіспен сүтті бөлуге арналған
Өлшемі: салмағы — 4-7 кг; дискі саны — 10-12; сағатына 80-100 л сүт өңдейді
Инвентарлық нөмірі: ЖМБ№225
Бұл 1910 жылы дүниеге келген Ерке Батырқызы Омарова, яғни Әсия әженің енесі қолданған сүт сепараторы еді. Кәдімгі тұрмыстық құрал сияқты көрінгенімен, бұл жәдігер өткеннің үнсіз куәсі, ұрпаққа аманат болып жеткен қымбат естелік. Тағдырдың талай тезіне төтеп беріп, өмірдің бар салмағын қайыспай көтерген Ерке әже – еңбек пен төзімнің жарқын үлгісін қалдырған жан болатын.Соғыс жылдары Ерке Батырқызының жолдасы Ихсан Отан қорғауға аттанып, майдан даласынан оралмайды. Жас әйел екі ұлы Әбжет пен Нұртайды өзі өсіріп, күнкөрістің бар тауқыметін жалғыз арқалайды. Ерке ананың Сәбила есімді қызы да болған. Өкінішке орай, бой жеткенде өмірден ерте озған. Ана жүрегі бұл қасіретті де сабырмен көтере білді. Өмірдің талай сынағына төтеп беріп, бар күшін балаларына арнады. Қиын-қыстау заманда балаларын жерасты тышқандарын аулауға жұмсап, олардың терісін кептіріп, базарға өткізеді. Сол табысты азық-түлік пен матаға айырбастап, отбасының қамын жасайды. «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» дегендей, Ерке ананың қажырлы еңбегі мен төзімі ұрпағының болашағына жол ашты. Сол еңбектің бір айғағындай, ол бір күні қолмен айналатын сүт сепараторын сатып алады. Сырт көзге елеусіздеу көрінсе де, Ерке әженің маңдай терімен келген, тұрмыс тауқыметін жеңілдеткен қадірлі бұйымға айналды. Оны ұзақ жылдар бойы ұқыптап ұстап, қажет кезде жөндеп, бабын келтіріп отырған. Өмірінің соңғы сәтінде: «Көзімдей сақта, пайдалан, жоғалтпа!» – деп, келіні Әсия әжеге аманаттап кеткен екен.
Бұл сепаратор – ХХ ғасырдың 70–90-жылдары Украинадағы «Motor Sich» зауытында шығарылған SCM 80–19 моделі. ХІХ ғасырдың соңынан бастап қолданыла бастаған бұл құрылғы сүтті центрифугалық тәсілмен қаймақ пен майсыз сүтке бөледі. Сағатына 80–100 литр сүт өңдеуге қауқарлы. Құрамында алюминий мен полимер араласқан, салмағы 4-7 кг шамасында, дискі саны – 10-12. Қолмен де, электр күшімен де жұмыс істей алатын үлгілері бар. Май құрамын 0,05%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Ең басты артықшылығы электр қуатына тәуелсіздігі. Бұл – ауыл өміріне өте қолайлы құрал. Бүгінде он ұл-қызын ер жеткізіп, ел қатарына қосқан, «Алтын алқа» иегері атанған, парасат пен сабырлылыққа толы өмір сүріп отырған Әсия Хамитова осы аманатты көзінің қарашығындай сақтап келді. Бұл – бір ғана шаңырақтың емес, тұтас ұрпақтың тірегіне айналған аналық жол. Қазақта «енесінің топырағынан жаралған» деген сөз бекер айтылмаса керек.
Қазіргі таңда бұл сепаратор Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорында тұр. Ол өткен мен бүгінді жалғайтын, болашақ ұрпаққа үміт сыйлайтын құнды жәдігер. Қарапайым қазақ әйелінің тағдырын, төзімін, өмірге деген шексіз сенімін әйгілейтін асыл аманат.