«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Ғұмар Қараштың портреті

Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музей бөлімі
Ғұмар Қараштың портреті

Сипаттама

Автор:Нұрбек Екпінұлы Жәрдемов, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, 2025 ж.

Материалы:майлы бояу, кенеп, ағаштан жасалған рама

Өлшемі: 79 × 100 см

Техникасы: майлы бояумен кенепке орындау

Инвентарлық нөмірі: ЖМБ №232

Бұл портрет – ХХ ғасыр басындағы ағартушылық ойдың ірі өкілі, қоғам қайраткері, философ-ақын Ғұмар Қараштың 150 жылдық мерейтойына орай арнайы салынған көркемдік-танымдық маңызы жоғары туынды. Шығарма облыстық «Азаттықты аңсаған Ғұмар Қараш» атты дәстүрлі айтыс барысында салтанатты түрде табысталып, аудандық музей қорына қабылданды. Жәдігерді музейге «Жәнібектік жерлестер» қоғамдық бірлестігі атынан ел ағасы, мәдениет жанашыры Сапарғали Сиражев сыйға тартқан.

Портрет – тек бейнелеу өнерінің үлгісі ғана емес, сонымен қатар тұлғаның рухани бейнесін, оның тарихи миссиясын жеткізетін символдық мәнге ие артефакт. Ғалымдар мен зерттеушілер еңбектерінде «қазақ руханиятының жаңғыруына жол салған ойшыл» атанған Ғұмар Қараштың бейнесі суретте терең ойлы, сабырлы, болашақты болжай білетін кемеңгер ретінде көрініс тапқан.Туынды майлы бояумен жылы, табиғи реңктерде орындалған. Композицияның артқы фонда берілуі – ұлттық өрнектер мен тарихи мәдени кодты еске салатын элементтер арқылы Ғұмар Қараштың шығармашылық және қоғамдық қызметінің мазмұндық әлемін ашады. Оның бейнесіндегі жарық пен көлеңке қатынасы тұлғаның тағдырлы жолы мен күрескерлік болмысын айшықтайды. Картина ағаш рамаға бекітілген, көркемдік және сақтаушылық талаптарға сай орындалған. Бұл жәдігер – аудандық музейдің тұлғатану бағытындағы маңызды экспонаттарының бірі. Ғұмар Қараштың шығармашылығы мен қоғамдық көзқарастарын зерделеуде, оның ағартушылық мұрасын келешек ұрпаққа таныстыруда портреттің мәдени-ғылыми құндылығы ерекше.

Scroll to Top