Ғұмар Қараш кесенесінің макеті
Сипаттама
Автор: Жасұлан Әмірханұлы, Т.Жароков атындағы ЖББОМ-ның бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі, 2025 ж.
Материалы: ПВХ, ДСП
Өлшемі:ұзындығы – 57 см, ені – 60 см
Техникасы: әр бөлшегін қолмен жасау
Инвентарлық нөмірі: ЖМБ №39к
Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейі ұлт руханияты мен тарихының алтын қазынасын толықтыруды жалғастырып келеді. Ұлт ұстазы, ойшыл-ағартушы, қоғам қайраткері Ғұмар Қараштың 150 жылдық мерейтойына орай, Жәнібек ауылының тұрғыны, ақынның тікелей ұрпағы Жасұлан Әмірханұлы өз қолымен жасап шыққан ерекше туындысын – Ғұмар Қараш кесенесінің макетін музей қорына табыс етті.
Ғұмар Қараш – халқымыздың рухани өмірінде терең із қалдырған тұлға. Оның өлеңдері мен публицистикалық еңбектері елдің ұлттық санасын оятуға, мәдениет пен білімнің өркендеуіне зор ықпал етті. Осы киелі ескерткіштің шағын нұсқасын жасау арқылы автор өз бабасының рухына тағзым етіп, болашақ ұрпаққа өнеге боларлық ізгі іс атқарды. Кесененің макеті ПВХ және ДСП материалдарынан жасалған. Ақ түсті үлгісі ақынның рухани тазалығы мен ағартушылық жолының символы ретінде әсер қалдырады. Туынды бетінде «Ғұмар Қараш» жазуы мен тұлғаның бейнесі бейнеленген, айналасына оның әулеттік шежіресі мен өміріне қатысты мәліметтер орналастырылған. Жасұлан Әмірханұлы әрбір деталь арқылы кесененің бастапқы сәулеттік келбетін көрерменге көрнекі түрде жеткізуді мақсат етті. Сонымен қатар, ол музейге Ғұмар Қарашқа қатысты қыруар жәдігерлер тапсырған.
«Арғы түбімізден тарқатсақ, Қараш, Жанарыстан, Бейарыстан деген үш атадан тараймыз. Қараштан Жазық, одан Ғұмар туса, Бейарыстан Әбділкәрім, одан Жарқаш туған. Жарқаштың баласы Құмаштан Әмірхан, одан мен тарадым. Әсима әжем 1981 жылы дүниеден озды. Ғұмар бабамыздың есімін ауызға алуға қорқатын сол заманда біздерге ол туралы жасырын айтып, тіпті руымыз Оразақай болса да «Сендер Әжі қояспыз» деп айтыңдар дейтін. Ал әкем Әмірхан «Ғұмар тумамыз деп ашық айтпаңдар, мені соттап жібереді» дейтін. Енді ол уақыт келмеске кетті. Ақиқат орнады. Ғұмар атамның бейнесін салып, музейге тапсырайын, жерлестері көрсін, перзенттік парызымды өтейін деген тілекпен осы картинаны бір жыл бұрын бастап салып едім», – дейді Жасұлан Әмірханұлы.
Болашақта бұл жәдігер Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Ғұмар Қараш» залының экспозициясында ерекше орын алады.