«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Піл бедерлі қалқан

01.06.2026·«Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

Сипаттама

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы Жәңгір хан атындағы тарихи- этнографиялық музейінің экспозициясында келушілер назарына ұсынылған жәдігердің бірі- қалқан.

Қазақ жауынгерінің әскери қорғаныс құралдарын жалпы айтқанда «жарақ» деп аталады. Жарақтар қатарына адамның денесін қарудан сақтайтын бірнеше зат кіреді. Біріншісі- денеге киіліп, қорғаныс болатын заттар тобы, олардың қазақ тіліндегі дәстүрлі атауы- «ер киімі».Ер киіміне жауынгердің басын, кеудесін, аяғын қорғайтын жарақтар жатады.

Қорғаныс жарағының екінші түрі қолға ұстап қолданылатын жарақ — қалқан.Бұл атау өзіне төнген қарудан қалқалап қорғану дегенді білдіреді. Яғни қалқан шайқас кезінде найза, қылыш соққысынан, садақ оғынан қорғану үшін қолға ұстап қолданылатын қорғаныс жарағы.

Дәл осындай қалқанның әдемі үлгісі Батыс Қазақстан облыстық тарихи- өлкетану  музейінің Орал қаласындағы филиалы Жәңгір хан атындағы тарихи- этнографиялық музейінде сақталған.Дөңгелек пішінді, шығыңқы, тұтастай металдан құйылып,  соғу әдісімен  жасалған қалқанның диаметрі -35,4 см.Бетіндегі  бейнелер мен өрнектер қаралау әдісімен салынған. Шетіне   2,5 см күмбез тәрізді бейнелер айналдыра жиектелген. Одан кейін 1 см-лік  бота өрнегі шетінен ортасына қарай кішірейе беретін үш қабат шеңберді құрайды. Шетінен қарағанда  бота өрнекті үлкен шеңберден кейін  жүгіріп бара жатқан   піл, тау арқары, жылқы, арыстан, сарышаян секілді аңдар мен құс, пальма ағашы бейнеленген  жолаққа жалғасқан.Одан кейін ортада екінші бота өрнекті орташа шеңберден кейін  диаметрі 2,5 см –лік 4 дөңес бекітілген. Бұл дөңестер төртбұрышты тәрізді орналастырылған. Әрбір дөңес 2,5см биіктікте шығыңқы түрде орналасқан, бетінде  күн шуағы өрнектеліп,  шеттері күмбез бейнесімен жиектелген. Осы дөңестер арасында төрт піл бейнесі өсімдіктер реңімен қоса берілген. Дәл ортасындағы бота өрнекті кішкене шеңберде бүр жарған гүл бейнесін көруге болады. Қалқанның ішкі жағында  дөңестер бекіген тұста  диаметрі 2,3 см дөңгелек сақиналы бекіме қондырылған.

Бұл  қалқанды  жеке кәсіпкер Жансейітова  Айжан-Сара Бекжігітқызы  2008 жылы  тапсырған. Құнды жәдігерді Айжан- Сараның жолдасы ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, «Жігер» сыйлығының лауреаты, қолөнер шебері, белгілі зергер  Естай Даубаев Алматы қаласының тұрғыны Алексей Зотовтың коллекциясынан сатып алған екен.

Бұл қалқан  ХVІІІ ғасырға жатады, Парсы, Шығыс елдерінен Ұлы Жібек жолы бойымен сауда- саттық арқылы келсе керек.

Қалқан тарихына үңілсек, қолға ұстап қолданылатын қорғаныс жарағы- қалқан байырғы көшпелі халықтарда  б.з. д. І мыңжылдықта қолданыла бастаған. Адам баласы өзінің ұзақ тарихында қалқанның төрт бұрышты, дөңгелек, жарты цилиндр тәрізді, жүрекше, астауша, т.б. түрлерін қолданған.Сақ тайпалары  талдың шыбықтарынан және ағаш тақталардан жасалған қалқан пайдаланған..Қалқанның бұл екі түрінде де  ортасында қолға ұстауға арналған қайысбау бекітіліп, жұдырықта  ұстап қолданған. VІ –VІІІ ғасырлардағы түркі обаларынан (Аймарлыг) табылған қалқандар ағаш тақталардан құралып, жиектері металмен күшейтіліп жасалған. ХІІІ-ХІV ғасырларда талдың шыбықтарынан жасалған қалқандар көшпелі халықтарда қайтадан қолданысқа енді. Тал қалқандар дөңгелек, конус формалы болып жасалып, жібек жіптермен оралып, әшекейленді, қалың теріден сомдалып та жасалды. ХІV ғасырда көшпелі халықтардың қалқанының тұрақты формалары мен үлгілері қалыптасып бітті де, одан кейін онша өзгеріске ұшыраған жоқ.

Қазақ жауынгерлерінің қалқаны – жалпы  көшпелілерге тән  шағын да жеңіл болды.

Қазақ қалқаны  теріден және болат темірден жасалды. Тері қалқан  бірнеше қабат теріден дөңес қылып сомдалып жасалды да, беттері металл күмбезшелермен күшейтілді. Болат қалқандардың да формасы дөңгелек, дөңес болды. Бұл қалқанның қайысбау бекітілген тұсында  кішілеу, ортасында үлкендеу күмбезшелер орнатылып, беттері оюланып, алтынмен әшекейленіп, Құран аяттары жазылды.

Қазақ халқы мен Шығыс халықтарында дөңгелек қалқандар кең тарады. Іш жағына тұтқамен бірге киізден, матадан, көн теріден кепіл салынған. Еуразиялық көшпелі халықтарда қорғаныс жарағының негізгі түрлерінің қалыптасуы б.з. д. І мыңжылдықтың ортасынан басталады. Металл қалқанды   алғаш рет б.з.д. екі мыңыншы жылдарда ежелгі ассириялықтар пайдаланған екен.

Көшпелі халықтарда жауынгерлер қалқанды ұрыста арнаулы екі қайысбау арқылы қолда  көлденең орналастыра жұдырықта ұстаған. Қалқанды  ердің қасына іліп,  не қанжығаға байлап жүрген. Кейде  арнайы қайыс баулармен иыққа асқан. Ұрыс кезінде шегінген жағдайда артқа бұрылып, садақ тартатын сарбаздар  қалқанды басынан асыра арқасына іліп, бекітіп алған.  Ал бетпе- бет шайқаста батырлар қалқанды қолға ұстап соғысқан. Екі қайыс баудың біреуін білекке іліп, екіншісін қолға ұстаған. Бұлай ұстау әдісі  жауынгерге қалқанмен  қорғануда еркін  қимыл жасауға және жоғарыдан, төменнен, алдан, арттан, оңнан және солдан тиетін соққылардың бәрінен бірдей  жеңіл қорғануға мүмкіндік берді.

Мөлдір Төлегенова,
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің

                   ғылыми қор бөлімінің маманы.

(«Дана. kaz» журналы, № 8(21)қаңтар, 2015ж. жәдігер бөлімі 26-27 беттер)

Scroll to Top