Мөр — құжаттарды куәландыратын белгі
Сипаттама
Батыс Қазақстан облыстық тарихи- өлкетану музейінің қорында мөрлердің ағаштан , тастан, әнектен, металдан жасалған, әр дәуірге жататын түрлері сақталған. Осылардың ішінде бір мөр ерекше көзег түседі. Оның бетінде араб жазбалары бар. Аталмыш мөрді Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданында тұратын 10 — сынып оқушысы Өмірбек Иргазиев кездейсоқ тауып алып, 1962 жылы музей қорына тапсырған еді. Мөр дөңгелек пішінді, диаметрі 3 см ақ металдан жасалып, бетіна араб әріптерімен жазу жазылған.
«Аш-шайх Ғұбайдоллаһ Нақшбанди, ибн аш-шайх мулла Зайнуллах. 1322жыл».
Бұл ХХ ғасырға тән мөрде Аш-шайх Зайнолла молданың ұлы аш- шайх Ғұбайдоллаһтың мөрі екендігі жазылған. Нақшбанди деген –тариқаттың аты, Нақшбанди Баһай әд-Дин Мұхаммед б. Бурханэд-Дин Мұхаммедәл-Бухару (1318-1389)- нақшбандийа тариқатының негізін салушы.
Шах-и Нақшбанд-ХІV ғасырдағы ортаазиялық сопылық дәстүрдің ірі өкілі. Сопылық бауырластықтың нақшбандийа атауы оның кәсібіне (нақшбанд-нақыштанушы) байланыста шыққан. Нақшбанд жүйелі дәстүрге еніп, оның жеке басына сыйынып, құрмет тұту рәсімі ретінде Орта Азия мен оған көршілес елдерге кеңінен таралды.
Мөрдегі жазуда мөр иесінің аты, оның тегі (әкесінің аты), дәрежесі (молда) және хижра жылы көрсетілген. Бұл мөр қожа, қазы немесе молдаға тән болуы мүмкін. Мөрде көрсетілген. Уақыт- хижра жыл санауы бойынша 1322 жыл, ал Григориан күнтізбесі бойынша -1904 жыл.
Іңкәр Оразова,
БҚО тарихи-өлкетану музейі,
экспозиция және көрмені жабдықтау бөлімінің кіші ғылыми қызметкері
(«Дана. kaz» журналы, № 7(8)қыркүйек, 2013ж. жәдігер бөлімі 8 бет)