Күй анасының камзолы
Сипаттама
Күні бүгін Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өдкетану музейі ата- баба тарихын қастерлеп, өткен тарихтың дәлеліндей болып келе жатқан көне жәдігерге өте бай.Солардың бірі «Өнер» залында көненің көзіндей болып қазақ күй өнерінің хас шебері Дина әжеміздің киген камзолы экспозицияға қойылған.
Қамзол шапанға қарағанда ықшам, қысқа, көбінесе жеңсіз немесе қысқа жеңді болып келетін әйелдердің сырт киімі. Салтанаттарға киілетін камзолдар аса қымбат матадан белі қыналып, өңірі мен етегі түрлі оюмен кестеленіп өрнектеледі. Камзолдың астары үшін көбінесе атлас, шағи, торғын пайдаланылады. Оның екі өңірі біріне- бірі сәл жетпей тұратындай етіп тігеді. Сондықтан түйме орнына камзолдың алдына зергерлер әшекейлеп жасаған, алтын, күміс жалатып, асыл тастан көз орнатқан қаусырма қадалады. Камзолдың желкесінен бастап екі өңіріне және етегіне айналдыра оқа басады не зер салады. Кейде құндыз бен түлкінің қара пұшпағымен әдіптейді.
Дина әжеміздің камзолы шамамен ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қолдан тігілген. Ол күрең барқыт матадан тігіліп, жиектерінің айналасына зер салынған. Камзолды 1980 жылдары Жаңақала ауданы Жаңаталап елді- мекенінде тұратын Дина әженің жиені Ниетқали Өтегенов тапсырған еді.
Ниетқали Өтегенов Динаның қызы Бақтылыдан туған. Анасы көзі тірісінде өзінің көзіндей болып жүрсін деп талай рет жұрт алдына шыққан кезде киген камзолын сыйға тартқан екен. Динаның бірнеше рет ана атанып, он шақты бала сүйгені анық. Оның қызы Бақтылы кердері руының Өтеген деген азаматымен отау құрып, бірнеше бала сүйген. Ниетқали Өтегенов- Бақтылының кіші баласы, ол соғыс және еңбек ардагері. Ол кезінде әжесінің жанында болып, Қазақ КСР-ының Халық әртісі Қали Жантілеуовпен бірге Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрде өнер көрсеткен екен. Динаның жиенінен туған ұрпағының айтуынша, шешеміз өте талапшыл, қатал адам болған, күй үйреткенде шәкірттерінің бірден ұғып алуын талап еткендігін айтады.
Іңкәр Оразова,
БҚО тарихи-өлкетану музейі,
экспозиция және көрмені жабдықтау бөлімінің кіші ғылыми қызметкері
(«Дана. kaz» журналы, № 6(7) тамыз, 2013ж. жәдігер бөлімі 38 бет)