Ашамай
Сипаттама
Батыс Қазақстан облыстық тарихи- өлкетану музейінің «Алтын орда»залында көрермен назарына ұсынылған ашамайды (суретте) атақты Сартай батырға арнап атасы жасатқан екен. Сартай- Кіші жүздің үлкені Әлімнен тарайтын Жақайым аталығынан. Сартай батырдың баласы Көкебай Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан.Көкебай қайтыс болған соң, ер- тоқым оның баласы Құлназарға берілген. Музей қорына 1985 жылы Қызылорда облысы, Аралқұм ауданында тұратын Құлназардың ұлы Матығұл есімді азамат тапсырған еді.
Ашамай қайың ағашынана жасалған, екі қас, екі қаптал және орта ағаштан тұарады. Осы бөлшектерді қосу үшін қайыстан жасалған баулармен байлап, алдыңғы беті түгелдей күміс шабылған темір пластинкамен безендіріліп, қошқар мүйіз оюлары салынған. Баланың аяғы қысқа болғандықтан, ашамайға үзеңгі салынбаған.
Жас бала есі кіріп, 6-7 жасқа келген соң, оған жеке тай атап, ашамай істетіп, қамшы өріп, «сен азамат болдың» деген сенім ұялатып, үйретілген жуас тайға ашамай ерттеп мінгізіп жүргізеді. Ол – баланы еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеудің әдістемелік бір жолы.
Негізінен ашамайдың үстіне жабағы жүннен джасалатын терлікті де, оның үстінен салынатын тоқымды да баланікі болғандықтан, көз тартатындай әдемілеп, жиектерін шашақтап, кестелеп, сәнді етіп жасайтын болған. Ашамайдың үстіндегі аткөрпе де балаға лайықталып тігілген. Осының үстінен тепкішек салынады. Тепкішекті (аяққап) деп те атайды
Киізден жасалады. Сыртынана қатипа, шұға сияқты маталармен қаптап өю- өрнек салады, әрі балаға арналғандықтан, айналасын шашақтап қоятын болған. Тепкішек қоржынға ұқсайды, бала атқа мінген кезде екі аяғын тепкішекке салады. Ашамайлы тайға мінетін күні баланы әдемілеп киіндіреді. Шашу шашылып, тілек айтылады.
Міне осылай қазақ халқы кішкентай баланы жауынгер, шабандоз әрі ер-азамат етіп тәрбиелеудің басы – осы ашамайлы тайға мінгізуден бастаған.
Іңкәр Оразова,
БҚО тарихи-өлкетану музейі,
экспозиция және көрмені жабдықтау бөлімінің кіші ғылыми қызметкері
(«Дана. kaz» журналы, № 1(12)қаңтар, 2014ж. жәдігер бөлімі 8 бет)