«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

«Музей мұрасының» бір «перзентінің» тұсауы кесілді

28.07.2026·Мақала·«Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК
«Музей мұрасының» бір «перзентінің» тұсауы кесілді

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музей мұрасы» сериясы аясында қазақтың тұңғыш драматургі, ағартушы, қоғам қайраткері Ишанғали Меңдіханұлының өмірі мен шығармашылығына арналған алғашқы жинақтың тұсаукесері өтті. Жиынға облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин, ҚР Жазушылар одағы БҚО филиалының төрайымы, ақын Дариға Мұштанова, сондай-ақ жинақты құрастырушылар Қазбек Құттымұратұлы мен Ерсұлтан Нұрғисаұлы қатысты. Сонымен қатар Ишанғали Меңдіхановтың ұрпақтары Гүлжан Қыдырғалиқызы мен Фарида Елтайқызы да қоғам қайраткері туралы естеліктерімен бөлісті.

«Музей мұрасы» жобасының басты мақсаты – музей қорында сақталған құнды архивтік құжаттарды, сирек фотосуреттерді, қолжазбалар мен тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізіп, ел тарихында лайықты орны бар тұлғалардың мұрасын көпшілікке насихаттау. Бұл жинаққа Ишанғали Меңдіханұлының ұрпақтары ұсынған бұрын ғылыми айналымға түспеген құнды мәліметтер енгізілді.
Іс-шарада музей директоры Ж. Сафуллин «Музей мұрасы» жобасының маңыздылығына тоқталып, музей қорындағы тарихи құндылықтарды ғылыми айналымға енгізу және ұлт тарихында ерекше орны бар тұлғалардың мұрасын кеңінен насихаттау музей қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстың алдағы
уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.
Кітаптың тұсаукесер рәсімін ағартушы, драматург Ишанғали Меңдіханұлының ұрпағы Гүлжан Қыдырғалиқызы мен ақын, ұстаз Дариға Ғазизқызы өткізді. Оған қоса Ишанғали Меңдіханұлының өмір жолы, ағартушылық қызметі, қазақ драматургиясы мен театр өнерінің қалыптасуына қосқан үлесі туралы мазмұнды баяндамалар жасалып, кітаптың дайындалу тарихы баяндалды.
– Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ишанғали Меңдіханұлына арналған арнайы қор бар. Бұл қорды зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов жинақтаған. Қорда фотосуреттер, газет-журнал қиындылары, естеліктер, құжат көшірмелері, араб жазуындағы қолжазбалар сияқты өте құнды тарихи материалдар сақталған. Ишанғалидың қызы Зылиха Қайыбалдиеваның тапсырған материалдары музей қорына қабылданған. Бұл құжаттар қоғам қайраткерінің өмір жолын кезең-кезеңімен анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тарихшылар мен өлкетанушылардың өзара жазысқан хаттары да музей қорына енгізілген. Әлбетте, қазақтың тұңғыш драматургының өмір-дерегін түгендеп, шығармашылық тұлғасын жасауда зерттеуші Мұстафа Ысмағұловтың еңбегі зор. Ол өмір бойы бөкейлік тарихты зерттеп, ұлтқа қажет деректерді жинаған. Кеңес дәуіріндегі цензура мен идеологиялық қысымға қарамастан, тарихи шындықты сақтап қалуға күш салды. Оның бастаған ізденістері өмірінің соңына дейін тоқтамаған.
Ишанғали Меңдіханұлының есімін халыққа қайта таныту үшін зерттеушілер, тарихшылар және оның туған-туыстары ұзақ жыл бойы еңбек еткен. Музей қорындағы құжаттар – сол еңбектің айқын дәлелі және ағартушының тарихи тұлғасын әділ бағалауға негіз болатын құнды мұра, – деді Қазбек Құттымұратұлы.
Жиын барысында тарихи тұлғаның ұрпақтары өз естеліктерімен бөлісіп, музей ұжымына ризашылығын білдірді.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар кітаппен танысып, тарихи тұлғаға арналған көрмені тамашалады. Жинақ оқырманға қазақ руханиятының көрнекті өкілінің бірі Ишанғали Меңдіханұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын тереңірек білуге мүмкіндік беретін құнды еңбек ретінде ұсынылды.
Тағы бір айта кететін жайт, музей басшысы демеушілердің қолдауымен Ишанғали Меңдіханұлының құлпытасын жасатты. Алыстан келген ұрпақтары туған жерге жиі келе алмайтындықтан, дайын құлпытасты арнайы көрсетіп, бабаларының рухына тағзым етуге мүмкіндік жасады. Алдағы уақытта құлпытас Ишанғали Меңдіханұлының
қабірінің басына орнатылмақ.

Гүлфия АЗАМАТҚЫЗЫ,
«Орал өңірі» БҚО саяси-қоғамдық газеті №61(21558), 14-бет
28 шілде 2026 жыл

Дереккөз: "Орал өңірі" БҚО саяси-қоғамдық газеті
Scroll to Top