«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Ритон – күміс түтікше

Жәдігердің  атауы – ритон (күміс түтікше). Ритон- су ішуге арналған ыдыс. Мүйіз пішіндес жасалған оның төменгі жағында  анның немесе адамның  бейнесі салынған. Бұл ыдыс құрбан шалған кездегі  діни жоралғыларды орындауға, сондай-ақ шарап ішуге арналған. Мұндай ыдыс – ритоның  металдан, саз балшықтан, сүйектен, мүізден нақышталып, өрнектеліп жасалған түрлері болғаны тарихтан белгілі.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи- өлкетану музейінің  Археология залында  көрермен назарына ұсынылған  ритон күмістен жасалып, алтын жалатылған. Бұл күміс түтік Орал қаласынан 45 км қашықтықта орналасқан Долинное ауылының маңынан 1967 жылы кездейсоқ табылған.

Күміс түтікше айрықша пішінмен көз тартады. Ол біздің заманымызға дейінгі V ғасырдағы Аххеменидтік Ираннан әкелінген болуы керек. Тұрқы қысқа мүйіз пішіндес, аузы жалпақша түтіктің малдың кеудесіне ұқсаған төменгі ұшы сүйірлене біткен.  Малдың кеуде тұсына бұқаның басы тәрізді құйма орнатылған. Дененің төменгі бөлігі ғана сақталған, ал басы орналасқан  үстіңгі жағын түтіктің аузымен бірге жоғалып қалған тәрізді. Мүйіздің сақталған бөлігі бірнеше жерден бүлінгендіктен, бейнеленген сюжетті  бағамдап, қарап, анықтау қиынға түсті.  Түтіктің жоғары жағына жолақ өрнек жүргізлген, оның тегіс жерлеріндегі кейбір сурет сол қалпында сақталыпты. Бедерлі өрнектерден бүркіт- арыстан бейнелі жыртқыш аяқтарының төменгі  жағы анық көрінеді. Шамасы, тұтас аяғына емес, оның бір бөлігіне ғана алтын жалатылған болуы керек. Сәл оңға қарай, жолақшаның жіңіке тегіс бөлігінде тағы бір көрініс – тұяқтарын бүгіп тұрған теке сұлбасы көзге шалынады. Аталмыш көрініс иран ахеменидтік әшекей – бұйымдармен қатар, сақ- скифтердің аңдабы мәнеріне тән. Сірә, текенің аяғының ұшы  әлдебір жыртқыштың аузына ілінген тәрізді, оның басы түтіктің жолақ өрнекпен жалғасқан жазық тұсынан ішнара көрініп қалады.

Түтікте бейнеленген суреттің жалпы композициясы, сондай-ақ жеке бөліктерінің орындалу мәнері оны ахеменид замандағы Иран бұйымдарының қатарына жатқызуға толық негіз болады.

Scroll to Top