«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

«Музей ЖИ көзімен» бейнебайқауының ережесі

«Музей ЖИ көзімен» бейнебайқауының ережесі

Бұл байқау Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлерін, Орал қаласындағы тарихи орындар және белгілі тарихи тұлғаларды заманауи технологиялар арқылы насихаттау, жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдана отырып, креативті контент жасау және тарихи-мәдени мұраны жаңа форматта таныту мақсатында ұйымдастырылады.

Мақсаты мен міндеттері

Музей жәдігерлерін цифрлық форматта дәріптеу. Жасанды интеллект технологияларын шығармашылықта қолдануды дамыту. Жастардың тарихи-мәдени мұраға қызығушылығын арттыру. Инновациялық контент жасаушыларды қолдау.

Қатысушылар

Байқауға барлық ниет білдіруші қатыса алады. Жеке немесе топтық түрде қатысуға рұқсат етіледі.

Бейнероликке қойылатын талаптар

Тақырыбы: музей жәдігері немесе музей тарихы. Ұзақтығы: 2 минуттан кем емес.

Форматы: MP4; Сапасы: Full HD (1080p)

 

Ұсынылатын тақырыптар:

Музей жәдігерлері:

  1. Тақсай ханшайымы
  2. Тақсай ханшайымының тарағы
  3. Қасқыр бейнеленген серіппелі қапсырма
  4. Қыпшақ жауынгері
  5. Құстұмсық жүзік
  6. Балбал тас
  7. Торсық
  8. Айна
  9. Фалар

 

Тарихи орындар:

  1. Жайық қалашығы
  2. Хан тоғайы
  3. Басқақ көпірі
  4. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музей ғимараты

 

Тарихи тұлғалар:

  1. Жиембет жырау
  2. Сырым Датұлы
  3. Исатай Тайманұлы
  4. Махамбет Өтемісұлы
  5. Бөкей хан
  6. Құрманғазы Сағырбайұлы
  7. Дина Нұрпейісова
  8. Мұхит Мерәліұлы

 

Жасанды интеллект (ЖИ) қолдану талаптары

Бейнеролик міндетті түрде ЖИ құралдарын қолдану арқылы жасалуы тиіс.

Қатысушылар келесі бағыттарда ЖИ қолдана алады:

  • сценарий жазу
  • мәтін генерациясы
  • дауыс (voice-over) жасау
  • бейне/анимация генерациясы
  • монтаж және визуал эффектілер

Міндетті шарт:

Қатысушы ЖИ қолдану туралы қысқаша сипаттама ұсынады:

  • Қандай құралдар қолданылды
  • Қай кезеңде қолданылды

Шектеулер:

  • Жалған немесе тарихи тұрғыдан дәлелсіз ақпарат қолдануға тыйым салынады

— жол берілмейді

 

Жұмысты қабылдау тәртібі

Қатысушы төмендегі материалдарды ұсынады:

Бейнеролик

Қатысушы туралы ақпарат:

Аты-жөні

Байланыс нөмірі

Ұйым/оқу орны (бар болса)

ЖИ қолдану сипаттамасы

Жіберу тәсілі: (Назарбаев даңғылы, 184, email: marketing19@inbox.ru,

WhatsApp/ Telegram: 8-700-024-75-24)

 

Бағалау критерийлері

Тарихи мазмұнның нақтылығы

Креативтілік және идея

ЖИ қолдану сапасы мен орынды қолданылуы

Бейненің техникалық сапасы

Жеткізу шеберлігі (сценарий, дикция, визуал)

 

Жүлделер

I орын – 100 000 тг

II орын – 50 000 тг

III орын – 25 000 тг

 

Барлық қатысушыға алғысхат табысталады

? Өткізу мерзімі

Жұмыстарды қабылдау: 16.05.2026 ж. дейін

Марапаттау уақыты қосымша хабарланады

 

Авторлық құқық және материалдарды пайдалану:

  • Қатысушы өз жұмысының авторы екенін растайды
  • Қатысушы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне ұсынылған материалдарды
    тегін, мерзімсіз және шектеусіз негізде пайдалануға келісім береді

Ұйымдастырушы құқылы:

  • жұмыстарды өз қалауы бойынша пайдалануға
  • жариялауға (әлеуметтік желілерде, ресми сайтта, БАҚ-та)
  • көрмелерде және іс-шараларда көрсетуге
  • музейдің ақпараттық, имидждік және жарнамалық контентінде қолдануға
  • Ұйымдастырушы жұмыстарды өңдеуге (бейнені монтаждауға, өзгертуге, қысқартуға) құқылы
  • Автордың аты-жөні көрсетіледі (егер автор өзгеше талап етпесе)

 Қосымша шарттар

Ұйымдастырушылар ұсынылған жұмыстарды әлеуметтік желілерде және музей ресурстарында жариялау құқығына ие.

Байқауға ұсынылған материалдар қайтарылмайды.

Ереже талаптарын бұзған жұмыстар байқаудан шеттетіледі.

 Қосымша ақпарат алу үшін: 8-700-024-75-24 нөміріне хабарласыңыз.

 

ҚОСЫМША АҚПАРАТТАР:

Тақсай ханшайымы

2012 жылдың  күзінде  БҚО тарих және археология орталығының археологтары Теректі ауданындағы  Долинное елді мекенінің маңында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Тақсай1 оба кешенінен табылған «Алтын әйел» қабірін шамамен б.д.д ІVғ. соңы мен V ғ.ортасы деп жорамалдап, ежелгі сармат кезеңіне жатқызады. Қабірден  әйел адамның алтын әшекей бұйымдары, ерекше шошақ төбелі алтындаған бас киім қалдығы, соғыс көрінісі бейнеленген тарақша т.б.-жалпы  салмағы 3келіге жуық көптеген алтын бұйымдар алынды. «Таксай оба кешені» — деген шартты атауға ие болған  археологиялық қазба жұмыстарына БҚО тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Н.Сыдықов жетекшілік жасап, қазба жұмыстарын осы орталықтың ғылыми қызметкері Яна Лұқпанова басқарған отряд жүргізді.

 

 

Тақсай ханшайымының тарағы

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сдықов және орталықтың ғылыми қызметкерлері есептеуінше Тақсай тарағы дүниежүзінің мәдени-тарихи қазынасына кіреді. Қазақстан аумағында бұл жәдігердің баламасы жоқ.

Тарақ екі жақты, бүтін тік бұрышты пішінді ағаштан жасалған. Тарақ өте жаман күйде табылды: оның көп бөлігі өртпен өрттелген. Ені — 11 см, биіктігі — 17 см, жуандығы — 0,5 см.

Тарақтың шаш тарайтын бөлігі жоғарғы және төменгі қатарлы тістерден тұрады. Жоғарғы бөлігінде көлденен қимасы жұмыр әр түрлі мөлшердегі 13 ірі тістерден, ал төменгі қатарында көлден қимасы жұмыр шеңберлі дәл тілінген тістер түріндегі мөлшерлері бірдей 79 ұсақ тістерден тұрады. Тақсай тарағын зерттеушілердің болжауы бойынша, тарақ декорында парсылар мен сарматтар арасындағы шайқас эпостық түрде бейнеленген.

 

Қасқыр бейнеленген серіппелі қапсырма

Бұл бұйымдар — ерте темір дәуіріне жататын көшпенділердің ат-әбзелдерінің (жүгеннің) құрамдас бөлігі, атап айтқанда қола қапсырмалар (түймешелер). Олар жүген қайыстарының қиылысқан тұстарын бекіту және сәндеу үшін қолданылған.

Стилі: Бұйымдар классикалық сақ-скиф аң стилінде орындалған. Бейне: Қапсырмаларда жыртқыш аңның (қасқыр немесе мифологиялық сипаттағы жыртқыш) бейнесі берілген. Композициялық ерекшелігі: Жануардың денесі дөңгелек пішінді бұйымның жиегіне сәйкестендіріліп, иіле бүктелген (свернувшийся хищник) қалыпта бейнеленген. Аңның басы мен құйрығы бір-біріне жақын орналасқан. Мұндай бейнелер көшпенділер мифологиясындағы күш, қорғаныс және жауынгерлік айбынның нышаны болып саналады. Техникалық мәліметтер: Материалы: Қола (құю технологиясы). Дәуірі: Б.з.д. VI–IV ғасырлар (ерте темір дәуірі). Табылған жері: Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Қырық-Оба II қорымы. Зерттеушілер: Археологиялық қазба жұмыстары З. Самашев, М. Сдыков және Г.А. Кушаев секілді белгілі археологтардың жетекшілігімен жүргізілген.

Қазіргі уақытта бұл жәдігерлер Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық залында сақтаулы.

Қыпшақ жауынгері

1969 жылы   А.С Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының археологиялық экспедициясы  Батыс Қазақстан облысының Шалқар маңынан Сантас жонындағы обаларға жүргізілген  зерттеу жұмыстары кезінде қыпшақ жауынгерінің мүрдесін  тапты. Ол бүкіл қару-жарағымен бірге жерленген. Мәйіттің бет жүзі металдан жасалған, дөңгелек пішінді көзге көруге арналған тесігі бар бетпердемен жабылған. Бетперде өте жұқа, жұмсақ, ақшыл металдан- күмістен жасалған. Табылған жауынгер үстіне, металдық пластина сауыт кигізілген.Сауыт бір-біріне  пластиналар  арқылы  құрастырылған.

 

Құстұмсық жүзік

Құстұмсық – қыздарға арналған сақинаның бір түрі. Оның мәні «құстай еркін», яғни «қыздың басы бос» деген ұғымды білдіреді. Қыз ұзатылғаннан кейін төркін жағы жүзікті қыздың киімдеріне қосып жіберетін болған. Қыздың туыстары оның жағдайын білуге келгенде қыз өзінің құстұмсық жүзігін төркініне қайтарып жіберсе, ол оның жағдайының жақсы болғанын білдірген. Осылайша қыздың анасы қуанып, «құдағиыма рақмет, қызыма өз қызындай қарайды екен» деп ауыл-аймағын қонаққа шақырып,  Құстұмсықты көрсеткен.

«Құс тұмсығы» саусақ сақинасы, күмістен жасалған кастамен, өрілген сканьмен, оралымдармен және дәнді өрнектермен безендірілген. Бүйірі кастаның төменгі жағында сызық тәрізді сканьмен және дәнді үшбұрыштармен безендірілген.  1986 ж. Орал қаласының тұрғындары Какимова Тлегенева мен Тлеужанов Матжан Максимовичтен алынған.

Балбал тас

Балбалтастар – түркі дәуірінен қалғантастан қашалып жасалған адам бейнесіндегі көне ескерткіштер, «ата-баба аруағына қойылған тасмүсін» деген мағына береді. Бүгінгі құлпытастар – сол балбалдардың жалғасы. Балбал – тастан қашалып жасалған адам бейнесіндегі ескерткіш.

Музейдегі балбалтас  Зеленов ауданы  Дарьинск ауылында кенеттен табылған. Биіктігі — 125 см.  Ертеде  адам дүниеден өткенде зират басына тастан мүсін қаланған. Бірақ Орта Азияда ислам діні енгізілгеннен  кейін мұндай мүсіндердің жасалынуына тыйым салынып, тас мүсіндер құлпытастармен алмастырылды. Ер адамның құлпытасы әйел адамға арнап жасалынған құлпытастан өзгешелеу келеді. Біріншіден, олар сәл биігірек болса, екіншіден, қару-жарақ, сауыттың бөлшектері бейнеленеді. Ал әйел адамның құлпытасында көбінесе тұрмыс заттары мен әшекей бұйымдардың бейнесі көрініс тапқан.

Торсық

Торсық – көшпелі өмірде сусынды шайқап, оның дәмін және қанықтығын арттыруға арналған ыдыс. Торсықтың әр элементі практикалық және эстетикалық мақсатқа қызмет етеді: кең түбі сусынды жақсы араластыруға мүмкіндік береді, ал мойны тар және иығы қошқармүйізделген пішіні ыдыстың берік болуын қамтамасыз етеді. Жанторсық – ерлерге арналған торсық түрі, ол салттық рәсімдер мен мерекелерде, сондай-ақ күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылған. Торсық қазақтың көшпелі мәдениетінде символикалық мәнге ие, себебі ол қоғамдағы рөлін, дәстүрлі өмір салтын және қонақжайлылықты бейнелейді.

Қола айна

Батыс Қазақстан облы­сы­н­ың Шыңғырлау және Қара­тө­бе аудан­дарының шекарасында жатқан «Лебе­­девка» атауымен енген Сегіз­­сай көне қорымын археология ғылымында ғалымдар ер­ек­ше тарихи-табиғи аймақ санайды. Сегізсай ІІ бейітінің № 6 обадан табылған 3 қола шеге көмегімен жұқа дискіге бекітілген тұтқалы қола айна. Қола айна  — б.д.д.V ғасырға жатады. Тұтқа түбінде қабан мен барақ ит, ал тұтқаның дискіге жабысқан жерінде барақ иттің басы бейнеленген.

Фалар

Володарка  қорғанынан табылған екі  күміс фалар. Біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырға жататын ғажайып жәді­герді  ғалымдар «фалар» деп атаған. Бұл күміс табақшалар кәдімгі ат әбзелі – өмілдірік-құйысқанға бекіті­ліп, көр­кем­деп тұратын металл жапсырма. Фалар күмістен жасалған, жұқа алтын жапсырмамен көмкерілген, бетіндегі бейнелер шекіме әдісімен түсірілген.

Фалардың жалпы диаметрі – 24,6 см. Бетінде  үш басты Химерамен Белларофонт батырдың шайқасы аңызының сюжеті бейнеленген. Бұл құнды артефактты 1981 жылы Орал педагогикалық институтының оқытушысы, т.ғ.к. Г.А.Кушаев басшылық еткен экспедициясы тапқан.

Тарихи орындар:

Жайық қалашығы

2001жылы батысқазақстандық және алматылық ғалымдар  Орал қаласынан 12 шақырымдай жерден  қалашық орнын тапты. Сөйтіп Жайық  қалашығы деп аталған қаланың ХІІІ-ХІҮ ғасырларға жататындығы көрсетілді.  2005 ж. қалашық «Жайық» деген атқа ие болады. «Жайық» ежелгі түркі сөзі, «жайлы орын» деген мағынаны білдіреді. Қала Шаған өзенінің арнасы құраған жағалаудың үстінде орналасқан. Қалашықтың көлемі шамамен 7 га құрайды.

Архелогиялық зерттеулер барысында қалада ХІІІ ғасырдағы моншаның орны, шығыр құмыралар, көгілдір керамика, қызыл кірпіштер, әшекейленген тақтатас қалдықтары, әр түрлі әйнек моншақтар мен екі мыс ақша табылды.

Хан тоғайы

Жайық пен Шаған өзендері тоғысқан жердегі «Хан тоғайы» 400 гектар аумақты алып жатыр. Бұл тоғайда 1812- жылдың 7-шілдесінде Нұралыұлы, ал 1824-жылдың 26-маусымында – Бөкей Жәңгір Бөкейұлы хан болып сайланды. Хан сайлауы – императордың жарлығын оқу, Құран Кәрім ұстап ант беру, зеңбірек-мылтықтардан оқ ату, иығына бұлғын ішік жабу, қылыш сыйлау, ак киізге көтеру сынды ерекше рәсімдер атқарылған, музыка ойнаған ерекше салтанатты жағдайда жүзеге асқан. Бұл тоғай әр жылдары «Цесаревич тоғайы», «Горький тоғайы» деп аталғанымен, ел үшін — «Хан тоғайы» болып қалды және қазір осы тарихи атауын ресми түрде өзіне қайтарды. Осы «Хан тоғайында» Алтын Орда кезеңінен билеушілердің, халықтың алдында ұлықтау рәсімі өткен болуы мүмкін.

Басқақ көпірі

Қазіргі супермаркет тұрған, қарсы бетінде тіс емдеу мекемесі орналасқан, әмбебап дүкенінен сәл әрілегі тұста ертеректе «Басқақ көпірі» (басқұншақ) болған. Оны жұртшылық біледі. «Басқақ» – Алтын Орда мемлекетіндегі салық жинаушының атауы. Салық жинау жүйесі – мемлекеттік құрылымның әбден жетілгендігін көрсететін бір белгі. Салық жүйесінің үш түрі болады: алғашында «басқақтар» жаулап алынған аумақты өздері аралап, алым-салықты күшпен жинайды. Одан кейін жауланған ел өзінің бодандығын мойындап, алым-салықты, тарту-таралғыны «басқаққа» өздері әкеліп береді. Бұл кезеңде басқақтар бір жерге – шағын қалашыққа, бекініске орнығып отырады. Сондықтан қазіргі Орал қаласының орнында ХІІІ ғасырда ең алғашқы қала қонысы болды деп есептейміз.

Орал қаласының аумағында Басқақ тоғайы (Перевалочная роща) деген де жер бар.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музей ғимараты

1879 жылы шығыс сәулет стилінде тұрғызылған ғимаратта орыс-қазақ қолөнер мектебі орналасты. Екі жылдық мектепте ұсталық, токарлық өнерге баулыды. 1919 жылы ғимаратта облыстық әскери комитет, 20-30 жж. Орал кәсіби техникалық мектебі, 1963 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институты орналасты. 1980 жылдан бастап ғимарат облыстық тарихи-өлкетану музейінің балансына берілді.

 

Тарихи тұлғалар:

Жиембет жырау

Жиембет Бартоғашұлы 1570-1575 жылдар шамасында туып, 1643 жылы дүниеден қайтқан. Қазақтың аса талантты жырауы, биі әрі жеңімпаз батыры. Ол Кіші жүздің Байұлы тайпасының Тана руынан шыкқан. Жиембеттің жас шағы қазіргі Батыс Қазақстан аймағының Өзен, Жем, Арал аралығындағы ауылдарда өткен. 16 жасынан хандар, билер, батырлар жанында жүріп, ел билігіне араласады. Өсе келе ол Есім ханның беделді биі әрі батыры дөрежесіне көтеріледі. Талай ұрыс, шайқастарға катысып, ерлік көрсетеді. Ханның жауынгер жасағын басқарып, жеңімпаз қолбасшы болады. Ол сонымен бірге Еңсегей бойлы Ер Есімнің кіші жүз еліндегі ең бір беделді бас биі ретінде танылады. Жиембет әсіресе 1620 жылғы Есім ханның ойрат-қалмақтармен соғысы кезінде ерекше ерлік, тапқырлық көрсетіп, шапқыншы жауды ойсырата жеңіп, бетін кайтарады.

Сырым Датұлы

Сырым Датұлы, Сырым батыр (1753, қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Қазақстан – 1802, қазіргі Хорезм облысы, Өзбекстан) — Ресей империясы патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтарының 1783–1797 жылдарындағы көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыр, әйгілі шешен. Алшын тайпасының Байбақты руының биі. Атақты Байбақты Шолан батырдың немересі.

Шыққан тегі — Кіші жүздің Алшын тайпасының Байбақты руынан. Өзінің асқан ақылдылығы арқасында өз ортасында тым ерте танылып, әділдігімен аты шыққан «Бала би» атанды.

XVIII ғасырдың аяғындағы отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық күрестің ұйымдастырушысы, әрі көсемі. Сырым дүниеден озған кезде оның асында 2000 жылқы, 2500 қой сойылып, 5000 күбі қымыз ішілген және бірнеше жүз ақшаңқан киіз үйлер тігілген. Бұл, бір жағынан, оның байлығын, екінші жағынан, оның халық арасында беделді болғанын білдіреді.

Бөкей хан

Бөкей хан (1748/1749 – 1815 жж.) – Әбілқайыр ханның немересі, Нұралының баласы. Айшуақ хан тұсында хан кеңесінің төрағасы болды. Бөкей 1801 жылы Ресей өкіметінен рұқсат алып, Кіші жүз қазақтарының бір бөлігін Жайық пен Еділ аралығындағы ноғайлы қазақтардың ескі жұртына қоныстандырды. Каспий жағалауындағы Дамбай деген жерде өз ордасын тікті. 1812 жылы Бөкей ордасының ханы болып сайланды. 1815 жылы хан тағын мұрагерлік жолмен Жәңгір иеленді. Бөкей ханның бейіті Еділдің оң жағасындағы Сейіт баба зиратында (қазіргі Астрахан облысы Краснояр ауданы).

Исатай Тайманұлы

Исатай Тайманұлы (1791–1838) – 1836–1838 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшысы, халық батыры. Кіші жүз Байұлының Беріш руынан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы. Халық батыры И. Тайманұлы 1791 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмындағы «Тайман жалы» деген жерде дүниеге келген. Исатайдың анасы Есентемір руының Тағашы бөлімінен. И. Тайманұлының төртінші атасы Ағатайдың (Тайман-Бегәлінің -Боқай-Ағатай) есімі қалмақтарға қарсы соғыста көрсеткен ерлігі үшін Беріш руының ұранына айналған Исатайдың жастық шағында оған ықпал жасап, қамқорлық еткен әкесі, Тайманның інісі — Жабал Бегәліұлы.

Махамбет Өтемісұлы

Махамбет Өтемісұлы (1804, Ішкі Бөкей Ордасы, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданының Нарын құмындағы Жасқұс — 20 қазан 1846, Қараой өңірі, қазіргі Атырау облысының Индер ауданы) — қазақтың әйгілі жырауы, күйші композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманұлы бастаған көтерілісті (1836–1837) ұйымдастырушылардың бірі, осы көтерілістің жалынды жыршысы. Ол Қазақ хандығының соңғы жырауы деп тануға болады. Байұлы ішіндегі Беріш руының Жайық бұтағынан. Нәдір деген кісіден Мәлі (кейбір деректе Құлмәлі, Құлманияз деп айтылады) туады.

1836—1838 жылы Исатай Тайманұлы бастаған шаруалар кетерілісінің жалынды жыршысы, қозғалысты ұйымдастырушылардың бірі.

Махамбет өзі Жәңгір ханның қудалауымен екі жыл түрмеде отырып, 1831 жылы қашып шыққан. Саналы өмірін патша өкіметінің отарлық саясатын жүзеге асырушы хан-сұлтандарға қарсы кекті жырлар толғайды, халықты күреске шақырады.

Құрманғазы Сағырбайұлы

Құрманғазы Сағырбайұлы (1823-1896) — қазақтың ұлы күйші-композиторы. Қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі. Туып-өскен жері Бөкей хандығы, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жер. Топырақ бұйырған орны – Астрахан облысының бұрынғы «Шайтани батага», қазіргі «Құрманғазы төбе» деп аталатын жер.

Шыққан тегі – Кіші жүз, он екі ата Байұлынан өрбіген Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы болып табылады.

1830 жылы Беріштен шыққан Исатай Тайманұлы және оның жан досы, дауылпаз ақын, дәулескер күйші Махамбет Өтемісұлы бастаған Жәңгір-ханға шаруалар көтерілісінде Құрманғазы да болады. Сол жылдарында «Кішкентай» деген күй шығарады. 1857 жылы Құрманғазыны түрмеге отырғызады. Сібірге айдатайын деп жатқан жерден ол қашып құтылады. Екінші рет оны Орынбор түрмесіне қамайды, бірақ генерал-губернатор Перовскийдің қолдауымен құтқарылады. Түрме тақырыбына бірталай күй шығарады: «Қайран шешем», «Ертең кетем», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Арба соққан», «Перовский маршы», «Не кричи, не шуми», «Машина».

Мұхит Мерәліұлы

Мұхит (Мұхамбеткерей) Мерәліұлы (1841, қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Ақбақай ауылы – 1918, сонда) — халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы.

Мұхит – Әбілқайыр хан әулетінен Қаратай сұлтанның немересі. Мұхиттың туған ағалары Паңгерей, Шәңгерей, Сақыпкерей, Жанша, Жүсіптер шетінен өнерпаз (әнші, күйші әрі скрипка да тартқан) адамдар болған. Өмірін өнер жолына арнаған тек Мұхит болды. Ол ел ішіндегі той-жиындарда, ұлан-асыр жәрмеңкелерде, қан базарларда домбыра тартып, ән салды. Орынбор, Қостанай, Жаманқала, Қазалы, Троицк, Ақтөбе, Арал, Атырау облыстарын аралап, әнші даңқы шықты: «Әнші Мұхит», «сал Мұхит» атанды. Мұхит уақыт, қоғам, өмір туралы «Дүние-ай», «Зәуреш» әндерін толғады.

«Паң көйлек», «Қыпшақ», «Дөң асқан», «Кербез» әндері Мұхиттың әншілік өнерінің сан-қырлы, жаратылысын, табиғатын ашады. Ол Боғда, Есбай, Тазбала, Сәулебай, Абыл күйлерін өте әсерлі орындап, өзі де күй шығарды. Мұхиттың бір күйін Затаевич нотаға түсірген.

Мұхиттың «Алуаш» әнін Е. Г. Брусиловский «Жалбыр», «Үлкен Оразын», «Қыз Жібек», «Дүние-ай» әнін «Ер Тарғын» операларында пайдаланды. Б.Г.Ерзакович «Айнамкөз» әнін өзінің ішекті аспаптар квартетіне ал «Зәуреш» әнін Л.М.Шаргородский мен С.И.Шабельский «Симфоньеттасына» тақырып етіп алды. 1918 жылы туған жерінде көз жұмды.

Дина Нұрпейісова

Дина Кенжеқызы Нұрпейісова (1861, Бекетай құмы, Жаңақала ауданы, Батыс Қазақстан облысы — 31 қаңтар 1955, Алматы) – қазақтың әйгілі күйші композиторы, Қазақстанның халық әртісі. Дина Кенжеқызы Нұрпейісова Төлеңгіт руынан шыққан. Халық өнерпаздарының 1937 жылы өткен республикалық байқауына қатысып 75 жасында халық аспаптарын тартатын өнерпаздардың Мәскеуде өткен Бүкілодақтық бірінші байқауында, одан кейін 1944 жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатысқан Ташкенттегі он күндікте Дина тағы да жүлделі орындарды жеңіп алады.

Дина ата-ана шаңырағында бұлаңдап өскен жас кезінің өзінде ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің күйін нәшіне келтіре тартып, төңірегі «домбырашы қыз» деп атаған. Қаршадай қыздың даңқын естіп, әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келген. Ол Динаның домбыра тартысына сүйсініп, болашағынан үлкен үміт күтіп, батасын берген. «Бұлбұл», «Домалатпай», «Еңбек ері»,  «Әсем Қоңыр», «Жаңа бозшолақ», «Жеңіс» және тағы басқа күйлердің авторы.

Мерзімі: 01.05.2026 – 16.05.2026
Орны: «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК
Байланыс: 8-700-024-75-24
Scroll to Top