«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Тарихтың таңбалы ізі: жазба ескерткіштер мен қолжазбалардың зерттелу мәселелері» тақырыбында ғылыми-танымдық дөңгелек үстел өтті.

03.11.2025 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

Көне жазба ескерткіштер мен құлпытастардағы мәтіндерді зерттеу тәжірибесін талқылау, отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми ізденістерін бөлісу, сондай-ақ түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын насихаттауды мақсат еткен басқосуға Түркия Республикасы Қыршехир Ахи Эвран университеті, Ғылым және әдебиет факультеті, түрік тілі мен әдебиеті кафедрасы, көне түрік тілі бөлімі, ректоратқа қарасты «Түрік тілі» кафедрасының меңгерушісі, РһD доктор, доцент – Осман Кабадайы арнайы келді. Академиялық ұтқырлық жобасы аясында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне қысқа мерзімге тәжірибе бөлісе келген мейманның үшбу шарамызға қатысуын аталмыш университеттің филология факультеті деканының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Наби Әли үйлестірген еді.
Түркі әлемінің ортақ рухани мұрасына арналған маңызды кездесуде музей директоры Жантас Сафуллин көне жазба ескерткіштер мен құлпытастардағы мәтіндерді зерттеу, баспасөз тарихын зерделеу, архив құжаттары негізінде кітап шығару тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, жазба ескерткіштерді, қолжазбалар мен құлпытастарды зерттеумен айналысып жүрген журналист, өлкетанушы Қазбек Қабжан, «Асан» мешітінің найб имамы, өлкетанушы Мұратбек Жахатов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің аудармашы маманы Орынбасар Ахметқали жазба ескерткіштердің тарихи, мәдени және рухани маңызына тоқталып, ой бөлісті.
— Түркі әлемінің ортақ тамыры – тіл мен жазба мұра. Оны зерттеу, сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу – бәріміздің қасиетті борышымыз, деген Осман Кабадайы ғылыми байланыстар мен ынтымақтастықты дамытуға бейілді екенін жеткізді.
Басқосуда музей мамандары мен студент жастар ғылыми серіктестіктің жаңа бағыттарына байланысты пікір алмасты.

Scroll to Top