БҚО тарихи-өлкетану музейі директорының жаңа орынбасары тағайындалды
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин ұжымға директордың әкімшілік-шаруашылық қызмет көрсету мәселелері жөніндегі жаңа орынбасары Альберт Талпаховты таныстырып, жауапты қызметіне сәттілік тіледі.
Альберт Асқарұлы — тарих және әлеуметтік-саяси пәндер мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алған тәжірибелі маман. Еңбек жолын 1994 жылы Қазталов ауданының білім беру саласынан бастап, кейін мемлекеттік қызмет пен мәдениет саласында абыройлы еңбек етті. Әр жылдары Қазталов ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, аудандық мәслихат аппаратының бас маманы лауазымдарын атқарды. Бұдан бөлек қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған Орал медициналық-әлеуметтік мекемесі директорының орынбасары, «Бәйтерек» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры және Орал қаласындағы «Ақжайық» оңалту орталығының директоры сияқты жауапты басшылық қызметтерді атқарған.

Альберт Асқарұлының 30 жылдан астам еңбек өтілі, мол басқарушылық тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті музейдің әкімшілік-шаруашылық тынысын жақсартып, музей ісін дамытуға өз септігін тигізеді деген сенім мол.