БҚО музейінің бастамасымен Ишанғали Меңдіхановтың қабіріне жаңа ескерткіш тақта орнатылды
Қазталов ауданына қарасты Жұлдыз ауылында қазақтан шыққан тұңғыш драматург, ағартушы Ишанғали Меңдіхановты еске алуға арналған тағылымды шара өтті.
Ел тарихында өзіндік орны бар тұлғаның рухына тағзым етуден бастау алған іс-шара барысында қатысушылар Жұлдыз ауылына қарасты Төртпішен қыстағындағы «Қарағашты» қорымына барды. Жиналған қауым ағартушының жаңартылған қабірінің басында марқұмның рухына Құран бағыштады.

Жақында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен және Казталов ауданы әкімдігінің қолдауымен Ишанғали Меңдіхановтың қабіріне белгі қойылып, жаңа ескерткіш тақта орнатылған еді. Бұл сауапты іске ауыл жұртшылығы, тұлғаның ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері белсене атсалысты.
Алайда Ишанғали Меңдіхановтың жатқан жерін осы кезге дейін анықтау оңайға түскен жоқ. Саяси қуғын-сүргін кезеңінің зардабынан тұлғаның қабіріне ұзақ уақыт белгі қойылмаған. Кейін бірнеше мәрте белгі орнатылғанымен, банды Е. Панченконың ұрпақтарының қастандық әрекеттерімен бұзылып, жойылып отырған.

Кейін өңір тарихын зерттеген Мұстафа Ысмағұлов тұлғаның жерленген жерін анықтап, арнайы акт жасатып, қабір басына уақытша белгі орнатқан. Алайда 1995 жылдың тамызында бұл белгі тағы да құлатылды. Сол оқиғаның жалғыз куәсі – сол кезде бала болып, қой бағып жүріп көріп қалған ауыл тұрғыны Сәрсенбі Ануханов. Ол кісі марқұмның қабірін қайта табуға көмектесіп, тарихи орынның анықталуына өз үлесін қосты. Осылайша араға жылдар салып, тарихи тұлғаның басында Құран бағышталып, рухына тағзым жасалды.

Ләззат Шағатай,
БҚО тарихи-өлкетану музейінің қоғаммен байланыс менеджері