Тарихқа қызығушылық мектептен басталады: музей мамандары «Ақниет» гимназиясында
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ақпараттық тобы Орал қаласындағы №42 «Ақниет» гимназиясына арнайы барып, мектепішілік тарих апталығы аясында ұйымдастырылған «Мектептегі музей күні» іс-шарасына қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – оқушылардың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттыру, оларды музейге тарту, тарихи-мәдени мұрамен жақынырақ таныстыру және білім беру ұйымдары мен музей арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде балалардың ғылымға қызығушылығын арттырудың маңызын атап өтіп, ғылыми музейлер мен зерттеу орталықтарының рөліне назар аударған болатын. Бұл – жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтіп, білімге құштарлығын оятуда музейлердің де өзіндік орны бар екенін көрсетеді.

Кездесуде музей басшысы Жантас Сафуллин Орал қаласындағы музейлердің негізгі қызметімен, музей қорындағы жәдігерлердің тарихи құндылығымен кеңінен таныстырды. Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану музейінің 190 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Музей ЖИ көзімен» бейнебайқауы жеңімпаздарының жұмыстарын, музейдің арнайы дайындаған «Балбалтас» танымдық бейноролигын оқушылар назарына ұсынды. Заманауи технологиялар арқылы тарихты жаңаша танытатын бұл жұмыстар оқушылардың ерекше қызығушылығын оятты.

Сонымен қатар, кездесу барысында оқушыларға арналған танымдық сауалнама ұйымдастырылып, тарих пен музей тақырыбына қатысты қызықты сұрақтар қойылды. Белсенділік танытып, дұрыс жауап берген оқушыларға музей басшысы атынан музей басылымдары мен «Тақсай тарағы» естелік сыйлығы табыс етілді.

Іс-шараның маңызды бөлігі – музейдің жылжымалы экспозициясы болды. Музей мамандары мектепке арнайы әкелінген тарихи жәдігерлерді таныстырып, олардың ерекшеліктері мен тарихи маңызы туралы әңгімеледі. Оқушылар сауыт-саймандарды, қалқанды және Алтын Орда дәуіріне жататын тиындарды жақыннан көріп, көне мұралар туралы тың мәліметтер алды. Тіпті қызығушылық танытқан оқушылар сауытты өздері киіп көрді. Осындай көшпелі экспозициялар музей қорындағы құнды жәдігерлерді білім беру ұйымдарында таныстыруға, тарихты оқулықтағы мәліметпен ғана шектемей, нақты тарихи мұралар арқылы түсіндіруге мүмкіндік береді.
Еркін форматта өткен осындай кездесулер оқушылар мен музей мамандары арасындағы ашық диалог құруға, жас ұрпақтың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ләззат Шағатай,
БҚО тарихи-өлкетану музейінің қоғаммен байланыс менеджері