«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Бүгін БҚО тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Жұбан Молдағалиевтің туғанына 105 жыл толуына орай «Қазақ жырының қыраны» атты көрменің ашылуы және әдеби кеш өтті.

03.10.2025 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

Шараға тарихшы-өлкетанушы, мәдениет саласының ардагері Жайсаң Досболатұлы, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, үздік педагог-зерттеуші Абат Қыдыршаев, ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаз, жұбантанушы, ақын Үзілдік Елеубайқызы, ақын Сағынтай Бисенғалиев, М.Өтемісов атындағы БҚУ «Филология» факультетінің 3-курс студенттері, БАҚ өкілдері, музей қызметкерлері қатысты.
Іс-шараны музей директоры Сафуллин Жантас Набиоллаұлы ашып, қонақтарға ізгі тілегін білдірді. Шара ары қарай музей қорынан алынған ақынға қатысты тың деректер мен сирек экспонаттар қойылған көрмені таныстырумен жалғасты. Шара барысында заманауи технологиямен үйлестірілген Жұбан Молдағалиевтің өлеңдерін театр актерінің мәнерлеп оқуындағы интерактивті мөлдір дисплейден тыңдалды.
Кейін шараға шақырылған қонақтар сөз алып, ақын шығармашылығына тоқталды. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қыдыршаев Абат Сатыбайұлы Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына орай шыққан энциклопедияның жинақтау барысында атқарылған істер мен Жұбан ақынның шығармашылығына талдау жасап өтті.
Тарихшы, өлкетанушы Жайсаң Досболатұлы ақынды таныған сәттен бастап, біраз жылдар бойы араласқан уақыттардағы ақынның адамдық, азаматтық, ұлтжандылық қырларына тоқталып өтті. Қазақ халқын шексіз сүйген ақынның «Мен –қазақпын» поэмасының бірнеше толқынды тәрбиелеуге септігі тигенін баса айтты. Жиналған жастарға «Нағыз қазақ болам десеңдер — Жұбанды оқыңдар» деген сөзімен түйіндеді.

Ардагер-ұстаз, жұбантанушы, ақын Үзілдік Елеубайқызы ақын Жұбанның аманатына адалдығын дәлелдеп, ұстаздық ете жүріп, Жұбанның шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттаудағы еңбегі мен жұбантану курсын даярлап, мектептерде оқытылып келе жатқандығы, жалпы Ақжайық елінде атқарылып жатқан келелі істер туралы баяндады.
Шараның соңғы сөзін алған ақын Сағынтай Бисенғалиев Жұбан Молдағалиевтың елге деген жанашырлығын, ауыл адамдарына көрсеткен қамқорлығы туралы айтты. Ақынның шығармаларын патриоттық, елжандылық, отансүйгіштік бағытта жазылғанын, оның эпик ақын екенін айтып, «Егер Жұбан ақын 16-18 ғасырларда өмір сүрсе, онда ол Доспамбет, Шалкиіз, Қазтуған сынды жырау болуы әбден мүмкін еді», — деп сөзін түйіндеді. Ақынның өлеңдерінің жазу шеберлігі ақындық болмысы жайлы естеліктер айтылды.
Әдеби кеш барысында М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың «Филология» факультетінің 3-курс студенттері: Аманғалиева Нұрайна – «Мен қазақпын» поэмасынан үзінді,
Теміров Аңсат – «Бақыт» өлеңін, Сағын Аяна – «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Шара соңында музей басшысы келген қонақтарға алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар ұсынды.

Scroll to Top