«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

БҚО өлкетану музейі қордағы 126 мыңнан астам жәдігерді түгендеуді бастады

09.10.2026 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде музей қорының түгендеу комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Музейдің 190 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынған бұл ауқымды бастама тарихи-мәдени құндылықтардың есебін нақтылауға, олардың сақталу жағдайын тексеруге және қор жұмысын жүйелеуге бағытталған.

Қазіргі таңда музей қорында 126 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Оның 50 мыңнан астамы — негізгі қор, ал 67 мыңнан астамы — ғылыми-көмекші қор жәдігерлері. Музей тарихында бұрын-соңды мұндай ауқымда жүргізілмеген түгендеу жұмыстары тамыз айының ортасында басталған еді. Осы уақытқа дейін комиссия мүшелері 1 500-ге жуық экспонатты тексеруден өткізді. Процесті жеделдету және уақытты тиімді пайдалану мақсатында жиында жұмыстың жаңа, заманауи әдістерін енгізу мәселесі талқыланды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бекітілген нұсқаулығына сәйкес және музей директоры Жантас Набиоллаұлының арнайы бұйрығымен (2026 жылғы 7 тамыздағы №73-ө) құрылған комиссия кешенді тексерісті жалғастыруда. Осыған байланысты жәдігерлердің есептік құжаттарын салыстыру және олардың нақты жай-күйін тексеру мақсатында музейдің қор бөлімі уақытша қызметін тоқтатты.

Алдыңғы қатарға қойылған бұл жауапты міндет — музей қорын жүйелеу мен бай тарихи мұрамызды келешек ұрпаққа толық әрі сапалы сақтап жеткізудің маңызды кепілі.

Scroll to Top