БҚО музейі «Отбасы сырын сақтаған жәдігер» атты бейнеролик байқауын жариялайды
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі «Отбасы сырын сақтаған жәдігер» атты жаңа бейнероликтер байқауының басталғанын хабарлайды.
Жобаның басты мақсаты — әрбір шаңырақта ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан құнды заттар арқылы әулет тарихын, ұлттық дәстүрді және рухани сабақтастықты дәріптеу.
Байқауға жас шектеуінсіз кез келген тұрғын жекелей де, бүкіл отбасымен де қатыса алады. Бейнероликке арқау болатын жәдігердің музей экспонаты болуы міндетті емес. Ол әулетте сақталған көне домбыра, сандық, сирек кітап, хат, фотоальбом немесе зергерлік бұйым сияқты кез келген тарихи маңызы бар зат болуы мүмкін.
Қатысушылар 18 қазанға дейін ұзақтығы 2-3 минуттық ролик әзірлеп, онда жәдігердің тарихы мен отбасы үшін маңызын ашып көрсетуі керек. Бейнематериалдар Full HD (1080p) сапасында, MP4 форматында қабылданады. Байқау шарты бойынша жұмыста жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын қолдануға тыйым салынады.
Үздік деп танылған жұмыс иелері I, II, III дәрежелі дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады. Ал байқаудың барлық қатысушысына алғысхаттар табысталады. Қазылар алқасы сараптамасының қорытындысы 24 қазанда жарияланады.
Шығармашылық жұмыстар muzeizko@mail.ru электронды поштасы арқылы қабылданады. Қосымша сұрақтар бойынша +7 700 024 75 24 телефонына хабарласуға болады.