«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Ғалымдар БҚО өлкетану музейінде сенсациялық археологиялық жаңалық ашты

09.10.2026 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Жанаргүл Қалиева мен Жапонияның Мэйдзи университета ғылыми қызметкері, PhD докторы Эйко Эндо (Dr. Eiko Endo) жүргізген зерттеу жұмыстары маңызды ғылыми жаңалықпен аяқталды.

Ғалымдар өңірімізден табылған қола және ерте темір дәуірлеріне жататын қыш бұйымдар арқылы ежелгі егіншілік пен дәнді дақылдардың таралу эволюциясын зерттеді. Үш күнге созылған жұмыс барысында Тақсай, Қарасу, Жайық, Пойма және Сегізсай обаларынан табылған жәдігерлер қарастырылды.

Зерттеу нәтижесінде музей қорында сақталған қола дәуіріне жататын қыш құмыраның бірінен екі дәннің ізі табылды. Бұған дейін зерттеушілер еліміздің оңтүстік өңіріндегі 100-ден астам қола дәуірінің ыдысын тексергенімен, олардан мұндай іздер анықталмаған еді. Сондықтан Батыс Қазақстан музейіндегі бұл табыс ежелгі егіншілік тарихын тереңірек зерделеуге жол ашады.

Ғалымдар ыдыстардың бетіндегі ықтимал дән іздерінен (тары, арпа немесе күріш болуы мүмкін) силикон арқылы арнайы көшірмелер (репликалар) жасап алды. Бұл үлгілер Жапонияға жеткізіліп, микроскопиялық талдаудан өтеді. Жүргізілген бұл зерттеу жұмыстары музей қорындағы археологиялық жәдігерлердің ғылыми әлеуетін арттырып, өңіріміздің көне тарихын халықаралық деңгейде зерделеуге үлес қосады.

Scroll to Top