Танымал актер Әділ Ахметов музейде өнерсүйер қауыммен кездесті
«Құрманғали Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» фильмінің басты кейіпкерлерінің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, танымал театр және кино актері Әділ Ахметов Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде өнерсүйер қауыммен арнайы кездесу өткізді.
Шара барысында актер алдымен музей экспозицияларын аралап, өңірдің бай тарихи мұрасымен және бірегей жәдігерлерімен танысты. Әсіресе Оралдың тарихи бренді саналатын Тақсай ханшайымының бірегей кешені мен Орал қаласының бастауын айғақтайтын ортағасырлық Жайық қалашығы экспозициясы оның ерекше қызығушылығын оятып, зор әсер қалдырды. Одан кейін еркін форматта өткен шығармашылық кеште Әділ Ахметов Орал қаласына келудегі мақсаты, кино әлеміндегі шығармашылық жолы мен естеліктері туралы әңгімелеп, «Құрманғали Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» фильмін түсіру барысында тұңғыштар мекені – Бөкей Ордасына жасаған сапарынан алған әсерлерімен бөлісті.

Кездесу барысында актер тарихи фильмдердегі тәжірибесіне кеңінен тоқталып, тарихи тұлғалардың бейнесін сомдау кезінде жүргізген ізденістері туралы сөз қозғады. Ол «Жаужүрек мың бала» фильміндегі Райымбек батырдың, «Анаға апарар жол» фильміндегі Ілиястың, «Томирис» тарихи картинасындағы Арғұнның, «Елім-ай» фильміндегі жас Абылай ханның және «Алдар көсе» телехикаясындағы Қасым ханның образдарын жасау барысында жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.

Кездесу барысында көрермендер өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Солардың бірі «Томирис» фильмінде кейіпкерлер сөйлеген тіл туралы болды. Көпшілік фильмдегі сөздердің қай тілде айтылғанына қызығушылық танытты. Бұл сұраққа жауап берген Әділ Ахметов фильмде қолданылған мәтіндер көне түркі тілінің негізінде дайындалғанын, тарихи дәуірдің ерекшелігін көрсету мақсатында арнайы әзірленгенін айтты.

Шығармашылық кештің ерекше сәттерінің бірі «Бір жәдігер – бір тағдыр» арнайы айдары болды. Бұл бөлімде актер музей қорында сақталған, шамамен XV-XVI ғасырға жататын тарихи қылышты өз қолымен ұстап көріп, оның тарихы мен жасалу ерекшелігіне үлкен қызығушылық танытты. Шара соңында қатысушылар актермен естелік суретке түсіп, қолтаңба алды.

Кеш соңында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Набиоллаұлы шығармашылық кездесуге арнайы уақыт бөліп, музейге келгені үшін Әділ Ералұлына алғысын білдірді. Құрмет ретінде оған «Музей мұрасы» сериясымен жарық көрген «Ишанғали Меңдіханұлы» кітабы және мультфильмімен бірге дайындалған «Аштықтан құтқарған аңшы» тарихи комиксі табыс етілді.
