Сарыөмір сапары-2: Алтын Орда дәуіріне жататын бес көне құдық табылды
27.07.2026
·
«Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Сарыөмір ауылына ұйымдастырған далалық экспедициясының негізгі мақсаттарының бірі өңірдің байырғы қоныстарын зерттеу, тарихи орындар туралы тың деректер жинау, ата-бабаларымыз мекендеген көне қоныстардың ізін анықтап, болашақ ғылыми зерттеулерге негіз болатын мәліметтерді тіркеу еді.
Бұл аумақта бұған дейін де археологиялық зерттеулер жүргізілген болатын. Сол кезде жергілікті тұрғындар көне құдықтардың бар екені жөнінде мәлімет бергенімен, олардың нақты орналасқан жерін анықтап, көзбен көру мүмкін болмаған еді. Сондықтан биылғы экспедиция барысында сол құдықтарды табуға басымдық берілді.
Музей директоры Жантас Набиоллаұлы тарихи орындарды жақсы білетін жергілікті тұрғындарға іздеу салып, экспедицияны көне нысандарға бастап баратын жолсерік табу туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде туған жер тарихына жанашырлықпен қарайтын ауыл тұрғыны Талап Молдашев экспедиция мүшелеріне жол бастап, көне қоныстарға апарды. Ал құдықтар туралы алғашқы нақты мәліметтерді сол маңдағы қыстақта мал шаруашылығымен айналысып отырған жергілікті тұрғын Рауан Спанов бөліскен еді.
Бұл жолғы экспедиция өзінің алғашқы мақсатының ауқымынан асып, күтпеген үлкен тарихи жаңалыққа қол жеткізді. Ауыл ақсақалдарымен өткен кездесуде және жергілікті тұрғындардың берген бағыты бойынша Сарыөмір ауылынан шамамен 10-12 шақырым қашықтықта орналасқан көне қоныстар маңында Алтын Орда дәуіріне жататын бірнеше көне құдықтың сақталғаны жөнінде құнды мәліметтер анықталды. Экспедиция мүшелері аталған аумақты толықтай аралап шықты. Зерттеу барысында жер астына жалпақ тастармен өте шебер қаланып салынған, ені шамамен 1-1,5 метр, тереңдігі 6-7 метр болатын бес көне құдық табылды. Бұл нысандардың құрылыс ерекшелігі мен бүгінгі күнге дейін жақсы сақталуы олардың тарихи құндылығының өте жоғары екенін аңғартады.
Құдықтардың орналасу ерекшеліктері мен сипаты әр түрлі болып келеді. Нақтырақ айтқанда, бірінші құдық Сарыөмір ауылынан Өлеңті бағытына қарай шамамен 12 шақырым жерде орналасқан Тасқұдық қонысының маңынан табылды. Оның жанында екінші құдықтың орны сақталғанымен, уақыт өте келе бітеліп қалған. Үшінші құдық келесі сайдың ішінде орналасқан. Бұл құдықтың басты ерекшелігі – құмыра тәрізді құрылысында. Құдықтың аузы шамамен 60-70 сантиметр болғанымен, төмен қарай кеңейіп, құмыра пішінінде қаланғаны анық байқалады. Мұндай құрылыс тәсілі ортағасырлық нысандарға тән ерекшеліктердің бірі саналады. Төртінші құдық Рауан Амангелдіұлының қыстағының дәл жанында орналасқан. Жергілікті малшылар оны тазалап, мотор арқылы су шығарып, мал суаруға әрі күнделікті тұрмыстық қажеттілікке пайдаланып келеді. Құдық суының ерекше тұщы әрі жұмсақ дәмі экспедиция мүшелерінің де назарын аударып, барлығы құдық суынан дәм татып, оның бүгінгі күнге дейін табиғи сапасын жоғалтпағанына көз жеткізді. Бесінші құдық осы қыстақтан шамамен 200-300 метр қашықтықта орналасқан. Оның ішкі бөлігі тазартылып, табиғи салқындық қасиетіне байланысты азық-түлікті ұзақ уақыт сақтайтын орын ретінде пайдаланылып отыр.
Жергілікті тұрғын Рауан Амангелдіұлының айтуынша, бұл өңірде осындай құдықтар өте көп әрі олардың басым бөлігі сайлардың ішінде орналасқан: «Байқасаңыздар, барлық құдық сай ішінде орналасқан. Бізге белгілілері ғана емес, әлі зерттелмегендері дәл солай аз емес. Ауыл қариялары бұл құдықтардың XIII-XIV ғасырлардағы Алтын Орда кезеңіне жататынын айтып отыратын. Ғасырлар өтсе де, олардың бүгінге дейін сақталуы сол заман құрылысшыларының шеберлігін көрсетеді. Құдықтардың бір-біріне өте жақын орналасуы бұл аумақта кезінде ірі қоныс немесе қала болған деген болжамды күшейтеді. Бұрын осы төбелерден ауыл тұрғындарының алтын бұйымдар тапқаны туралы да деректер бар».
Бұл мәліметтер өңірдің ортағасырлық тарихын тереңірек зерттеуге негіз болатын маңызды ауызша тарихи деректердің бірі саналады. Осы аумақта бұған дейін де археологиялық зерттеулер жүргізіліп, 2020 жылы осы маңайдан Алтын Орда дәуіріне жататын кесене орны анықталған еді.
Алдағы уақытта Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары осы аумақтағы зерттеу жұмыстарын жалғастырып, тарихи нысандарды ғылыми тұрғыдан кешенді зерделеуді жоспарлап отыр. Зерттеу барысында аталған көне құдықтардың нақты қай кезеңге жататыны – Алтын Орда дәуіріне тиесілі ме, әлде одан да ертерек немесе кейінгі кезеңнің ескерткіштері ме, ғылыми тұрғыдан анықталатын болады.
Кесене туралы және Сарыөмір экспедициясының жалғасы алдағы жарияланымдарда ұсынылатын болады.