Музей қорындағы көне кітаптар, тиындар мен картиналар бойынша арнайы каталогтар әзірленеді
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Жантас Набиоллаұлының төрағалығымен қор жұмысын жүйелеу және музей каталогтарын әзірлеу мәселесіне арналған жұмыс жиыны өтті.
Жиын барысында музей қорындағы құнды жәдігерлерді ғылыми айналымға енгізу мақсатында түрлі бағыттағы каталогтарды әзірлеу жұмыстары пысықталды. Атап айтқанда, бұған дейін дайындалған көне кітаптар мен Алтын Орда дәуіріне жататын тиындар каталогын толықтырып, компьютерлік және PDF нұсқаларын дайындау тапсырылды. Сонымен қатар музей қорындағы картиналардың жалпы каталогын, суретші Сәкен Ғұмаровтың шығармашылығына арналған жеке каталогты және қару-жарақ каталогын жасау бағыты нақтыланды.
Басқосуда материалдарды ғылыми талаптарға сай жүйелеп, сипаттамаларын толықтыру және кезең-кезеңімен баспаға дайындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Айта кету керек, осы жүйелі жұмыстардың бастапқы нәтижесі ретінде «Музей мұрасы» жобасы аясында қазақтың тұңғыш драматургы, ағартушы, қоғам қайраткері Ишанғали Меңдіхановтың өмірі мен шығармашылығына арналған қор құжаттары мен архивтік фотосуреттер негізінде алғашқы жинақ жарық көрді.
Алдағы уақытта музей қорындағы бірегей жәдігерлерді зерделеп, каталогтар мен жинақтар шығару жұмыстары жүйелі түрде жалғасын табады.