«Музей Travel»: БҚО мамандары Қостанайдағы ғасырлық музейдің жұмысын көрді
«Музей Travel» жобасының қатысушылары Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен жақыннан танысты.
Өңірдің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі бай шежіресін қамтитын мекеменің өзі ХХ ғасырдың басындағы азаматтық сәулет ескерткіші болып табылады. 1902 жылы бой көтерген бұл сәулетті ғимарат кезінде белгілі ағайынды көпестер Яушевтердің сауда пассажы болған.
Музей қорында археологиялық таппалар, этнографиялық бұйымдар, сирек құжаттар мен табиғат экспонаттары жинақталған. Өңделуі мен тақырыптық безендірілуі бөлек әр зал заманауи технологиялармен шебер үйлескен, ал әрбір жәдігердің шығу тарихы терең зерттеліп ұсынылған. Музейдің ерекше назар аудартқан нысаны – 1919 жылдың сәуірінде Колчак жазалаушылары атып өлтiрген Қостанай шаруалары көтерілісінің қатысушыларынан қалған оқ іздері бар тарихи қабырға. Сонымен қатар музей аумағындағы әскери техникалар мен этнографиялық нысандар қойылған ашық аспан астындағы экспозиция да сапар қатысушыларына ерекше әсер қалдырды.
Бұл сапар оралдық музейшілерге тарихи мұраны сақтап қана қоймай, оны заманауи форматта көпшілікке ұсынудың өнімді үлгісін көрсетті. Қостанайлық әріптестердің озық тәжірибесі музей қызметін одан әрі жетілдіруге және келушілердің тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыруға мол септігін тигізеді.