«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Музей экспозициясы жаңа Конституциямен толықты

03.07.2026 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тәуелсіздік залының экспозициясы жаңартылды. Ондағы 1995 жылғы Ата заңның орнына 2026 жылдың 1 шілдесінде күшіне енген Қазақстан Республикасының үш тілдегі жаңа Конституциясы қойылды.

Еліміздің қалыптасу кезеңіндегі маңызды құжат болған бұрынғы Конституция салтанатты түрде музейдің бас қорына тұрақты сақтауға тапсырылды.

Музей директоры Жантас Набиоллаұлы ұжымды жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтап, оның негізгі қағидаттарына тоқталды. Әсіресе жаңа Ата заңда мәдени мұраны сақтау және қорғау мәселесі алғаш рет мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ретінде нақты айқындалғанын ерекше атап өтті.

Музей басшысы өз сөзінде тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және насихаттау ісінің мемлекеттік деңгейде бекітілуі ұлттық құндылықтарды келер ұрпаққа аманаттап отырған музей саласы үшін айрықша маңызды қадам екенін жеткізді.

Жиын соңында музейдің экскурсиялық қызметіне келушілерге жаңа Конституциядағы осы маңызды нормаларды кеңінен түсіндіріп, тарихи-мәдени мұраны қорғаудың маңызын насихаттау жүктелді.

Scroll to Top