Оралдық музейшілер Астанадағы семинарға қатысты
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің 10 қызметкері Астана қаласында өткен «Музей ісін дамыту және цифрландыру» атты халықаралық семинарға қатысты.
Шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі бірлесіп ұйымдастырған.
Семинарда Түркияның мәдени мұра және музей саласындағы жетекші мамандары баяндама жасады. Сарапшылар «Цифрлық музей тәжірибелері», «Мәдени мұраны цифрландыру» және «Музей экспозициясындағы цифрлық элементтердің рөлі» тақырыптары бойынша сөз сөйлеп, технологияларды енгізу жолдарын көрсетті. Сонымен қатар музей қорларын сақтау, басқаруды жетілдіру және мәдени мұраны бұқараға қолжетімді ету бағытында тәжірибе бөлісті.
Іссапардан оралған музей ұжымы ішкі жиын өткізіп, еліміздің бас музейінде жинақтаған тәжірибелерін ортаға салды. Музей директоры Жантас Набиоллаұлы бұл шара өңір мамандары үшін заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік бергенін атап өтті. Семинар барысында меңгерілген жаңалықтарды музей жұмысына кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
Тәжірибе алмасу барысында экспозиция бөлімінің жетекшісі Әсел Нәсіпқалиева экспонаттарды орналастыру, заманауи жарық беру мен залдардың құрылымын жаңарту мәселелеріне тоқталды. Ал қор бөлімінің меңгерушісі Айжамал Абдрахманова жәдігерлерді қабылдау тәртібін уақыт талабына сай өзгертуді ұсынса, ғылыми-әдістемелік бөлімнің меңгерушісі Гүлнара Дүйсенғалиева ғылыми-зерттеу жұмыстары, электронды каталогтар шығару және өңірлік музей мамандарының біліктілігін арттыру жайын сөз етті.
Музей ұжымы іссапарды ұйымдастыруға қолдау білдірген Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына, ҚР Ұлттық музейіне және әріптестерге алғыс білдіреді.