«Қыз Жібек» киноафишасы музей қорына табысталды
Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейіне Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, қазақ кино өнерінің жарық жұлдызы Меруерт Өтекешованың туған жиені Анар Кидирмаганбетова арнайы келді. Ол Ақжайық өңірінің тарихымен кеңінен таныса жүріп, тарихи-мәдени мұраны насихаттау бағытындағы музей жұмысына оң пікірін білдірді.
Анар Кидирмаганбетова музей қорына Меруерт Өтекешованың өмір жолынан сыр шертетін жеке кітап-альбомы мен қазақ киносының жауһары саналатын «Қыз Жібек» фильмінің қос бірдей киноафишасын тарту етті. Альбомда Меруерт Өтекешованың әр жылдардағы фотосуреттері жинақталған.
Бұл құнды жәдігерлер музей қорын толықтырып қана қоймай, болашақта музейге келушілердің ұлттық кино өнерінің тарихымен тереңірек танысуына да мүмкіндік бермек. Сонымен қатар жас ұрпақтың өнер мен мәдениетке деген құрметін арттырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге қызмет етпек.