Ұстаз Сафия Тұрғалиевтің портфелі
Сипаттама
Иесі: Сафия Жаймұханбетқызы Тұрғалиева Жәнібек ауылы, 1978 жыл
Материалы: табиғи былғары, металл құлып, пластик тұтқа
Техникасы: фабрикалық тәсілмен жасалған
Өлшемі: 28*40
Инвентарлық нөмірі: ЖМБ№187/31
Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы бұл портфель – ұрпаққа үлгі болған ұстаздың сан қырлы еңбегінің символы. Портфель 1952–1985 жылдары Жәнібек ауылындағы Т. Жароков атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі», «Құрмет Белгісі» орденінің иегері Сафия Жаймұханбетқызының күнделікті ұстаздық қызметінде қолданған жеке заттарының бірі.
Бұл бұйым оған 1978 жылдың 26 маусымында Мәскеу қаласында өткен мұғалімдердің Бүкілодақтық II съезіне делегат ретінде қатысқан кезде мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Біләлұлы Ықсанов тарапынан сыйға берілген.
Табиғи былғарыдан жасалған портфель қою қоңыр түсті, алдыңғы бөлігінде металл құлыптары, жоғарғы жағында берік пластик тұтқасы бар. Пішіні тік бұрышты, құжаттар мен дәптерлерді жинақтауға арналған.