200 литрлік мырыш бөшке
Сипаттама
Иесі: Құбайдолла Сариев, Жұмаев елді мекені, Тау ауылдық округі, 1942 жыл
Өлшемі: 200 литр
Материалы: мырышталған темір
Техникасы: цилиндр пішінді, сыртқы беті коррозияға қарсы мырышшпен қапталған
Инвентарлық нөмірі: ЖМБ№127
Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейі қорындағы бұл мырышталған темір бөшке – екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан қалған ерекше жәдігер. Бөшке цилиндр пішінді болып, сыртқы беті коррозиядан қорғану үшін мырышшпен қапталған. 2015 жылы Тау ауылдық округіне қарасты Жұмаев елді мекенінің тұрғыны Кәкім Есмұхамбетов ағамыз жергілікті редакцияға барып төмендегідей мәліметпен бөлісті: «Ауылдасым Құбайдолла Сариевтің үйінде көлемі 200 литрлік су құятын мырыш бөшке бар, көп жылдан бері ауыз су құйып пайдаланып келеді. Түбінде неміс тілінде жазылған жазу бар және 1942 жыл деп бедерленіп түсірілген. Бұның да бір құпиясы бар ғой…».
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Фариза Батырбекова неміс тіліндегі жазуды қазақ тіліне аударып берді:«ТМТ кәсіпорыны. Өртке қарсы жанар-жағар май. Отқа төзімді. Сыйымдылығы 200 литр. 1942 жыл. Қарулы күштер армиясы.» Бұл жазу соғыстың қатаң жағдайларын, әскери технологияның қауіпсіздік талаптарын көрсетеді. Бөшке сол жылдары Құбайдолла Сариевтің иелігінде тұрған. Қиын-қыстау кезеңнің куәсі ретінде бүгінгі күні музейіміздің қорында сақтаулы.
Бұл жәдігер – соғыс жылдарының тұрмысын, әскери дайындықты және қарапайым адамдардың өмірін бейнелейтін тарихи белгі болып табылады.