Көнеден жеткен көрік
Сипаттама
Иесі: Арғынбай Айбасов, 1930 жыл
Материалы: ағаш, былғары, темір
Техникасы:ағаштан құрастырылып, былғарымен қапталған, темір бөлшектері қолдан соғылған
Өлшемі: ұзындығы – 90 см, ені – 40 см
Инвентарлық нөмірі: ЖМБ№229/1
Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейі қорындағы бұл көне ұста көрігі – қазақ теміршілік өнерінің сирек сақталған бірегей үлгілерінің бірі. Шамамен ХХ ғасырдың басында белгілі қолөнер шебері, темір ұстасы Арғынбай Айбасовтың қолымен жасалған. Бұл жәдігер – қазақтың дәстүрлі ұсталық мәдениеті мен еңбек дағдысын айқын бейнелейтін аса құнды этнографиялық мұра. Көрік – темірді балқыту, өңдеу және қызған металға ауа үрлеу арқылы жалынды үдетуге арналған құрал. Бұйым бірнеше ағаш тақтайдан, теріден және қолдан соғылған темір бөлшектерден құрастырылған. Көріктің үстіңгі бөлігі ағаш қақпақпен жабылып, астына ауа өткізгіш арналары орналастырылған. Көрікті қозғалтатын ұзын сабы ұсталық жұмыстар кезінде ағаш тұтқадан ұсталып күшпен басылады. Материалдары: ағаш, былғары, темір. Өлшемі: ұзындығы – 90 см, ені – 40 см. Техникасы:қолдан жасалған, ағаш ұсталығы мен темір шегелеу тәсілі.
Арғынбай Айбасов – Жәнібек ауданының Ақоба ауылында дүниеге келген, елге танымал темірші-ұста. Ол жергілікті халықтың тұрмысына қажет еңбек құралдарын, темір ошақтарды, шаруашылыққа арналған саймандарды, ер-тұрман, айыл-тұрмаларды, пышақ, үзеңгі сияқты көптеген бұйымдар жасаған. Бұл көрікті шебер ұзақ жылдар бойы күнделікті еңбегінде пайдаланып, кейін ұрпақтарына қалдырған. Оны шебердің жиендері Тельман Ғұсманов, Қуанбек Ақбейісов, Саида Арғынбаева музей қорына табыстады.
Халық арасында Арғынбай ұстаның көрігі жөнінде мынадай әңгіме айтылады:
Шебер көрігін қозғағанда, жалын лезде күшейіп, оттың қызуы айналаны жарық қылып жібереді. Ауыл адамдары: «Арғынбайдың оты – тіршіліктің оты», — деп айтып жүреді екен. Бірде қыс қатты болып, елдің соқа-сайманы, ат әбзелдері бірінен соң бірі мүжіліп сынып қалады. Сонда жұрт шеберге жүгініп: «Көрігіңді жақ, Арғынбай, отыңды бір үрлеп жіберсең, шаруамыз жөнделер», — деп өтінеді.
Ұста көрікті басқан сәтте жалын найзағайдай жарқ етіп, шоқтардың қызуы жылы лепке айналған деседі. Сол күннен кейін ауылдың шаруасы ілгерілеп, ел ішінде «Ұстаның көрігі жанса, береке қонады» деген сөз қалған екен.