«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Қаймақ былғайтын құрал

Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музей бөлімі
Қаймақ былғайтын құрал

Сипаттама

Иесі: Ғайса Нұрмақов, 1935 жыл

Материалы: ағаш, металл

Техникасы: қолдан жасалған

Өлшемі: Диаметрі – 30*30 см, биіктігі – 35 см

Инвентарлық нөмірі: ЖМБ№104

Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейі қорындағы бұл қаймақ былғайтын құрал – қазақ халқының тұрмыстық-этнографиялық мәдениетін айғақтайтын ерекше құнды жәдігерлердің бірі. Шамамен ХХ ғасырдың 30–35-жылдары қолдан жасалған бұл құрал – ауыл шаруашылығында сүт өнімдерін өңдеуге арналған дәстүрлі тұрмыстық бұйым. Құралдың негізгі бөлігі бірнеше ағаш тақтайдан дөңгелек формада құрастырылып, екі бүйірінен темір құрсаулармен бекітілген. Жоғарғы қақпағы ашылып-жабылатын ағаш қалқанша түрінде жасалған. Бүйіріне орнатылған темір білікке жалғанған ағаш тұтқа арқылы құрал айналып, ішіндегі қаймақ шайқалып, табиғи сары май алынған. Төменгі жақта берік екі ағаш бөрене-тұғыр пайдаланылған. Жәдігердің барлық детальдары қолдан жасалғаны байқалады: ағаштың өңделу тәсілі, темір құрсаудың қолдан иілуі, тұтқаның қарапайым шеберлікпен жасалуы – дәстүрлі қолөнердің өзіндік ерекшелігін көрсетеді.

Бұл құралдың тарихы Ғайса Нұрмақовтар әулетінің өмірімен тығыз байланысты. Иесінің айтуынша, Ғайса Нұрмақов 1918 жылы үйленгеннен кейін қаймақ шайқайтын осы құралды үй шаруашылығында белсенді қолданған. Шамамен 1935 жылдан бастап отбасының негізгі тұрмыстық бұйымдарының бірі болып, табиғи май дайындауға ұзақ жылдар қызмет еткен. Кейін отбасы Ресейдің Саратов облысына қоныс аударған кезеңде де бұл құрал пайдаланылып отырған. Ғайса ата 90 жасына дейін осы құралды қолданғаны айтылады. Әулет бұл жәдігерді ұрпақтан ұрпаққа аманат ретінде сақтап, 2004 жылы Ғайса атаның қайтыс болуынан кейін де оның құндылығын жоғалтпай, ерекше құрметпен ұстаған. Кейіннен атаның немересі ГауҺар Төлегенқызы жәдігердің тарихи және этнографиялық маңызын ескере отырып, оны Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейіне табыстаған.

 

Scroll to Top