Ғарифолла Құрманғалиевтің домбырасы
Сипаттама
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, дүлдүл әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің өзінің пайдаланған домбырасы
Алматы қаласы, Фурманов көшесі, 120 үй, 64 пәтердің тұрғыны, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің, ІІМ-нің жауапкері болған, милиция полковнигі, соғыс және еңбек ардагері Орынғали Есенғазиев Мұхит Мералиев атындағы тарихи – өлкетану музейіне сый ретінде тапсырған. Домбыра алмұрт тәріздес, түсі – қызғылт-сары, қос ішекті, он сегіз пернелі, екі құлақты, бір тиегі бар. Қызыл қайың ағашынан жасалған, домбыраның шанағы жұқа ағаштан жасалып, бетіне қақпағы орнатылған. Шанаққа домбыраның мойыны жіңішке етіп бекітілген. Домбыраның мойнына пернелер қазықбау салып байланған, екі құлағы пластмассадан жасалып бекітілген. Сыртына түссіз лак жағылған, бір жағы түймеге, екінші жағы құлағына оралған, тиек ішекті ұстап тұру және дыбыс тербелісін қақпаққа беру қызметін атқарып тұрады. Қолданыста болған, жарылған жері бар.
Жалпы ұзындығы – 96 см.
Шанағының көлемі – 23х40 см.
БҚОМ.ф.ММ 201/10
Ғарифолла Құрманғалиев — 1 қаңтарда 1909жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында дүниеге келген. ҚР мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, әнші (тенор), Қазақ КСР халық әртісі. 1934 жылы Алматыда өткен халық көркемөнерпаздарының бірінші Бүкіл Қазақстандық слетіне қатысты. Сол жылы Қазақтың музыкалық драма театрының (қазір Қазақтың опера және балет театры аталады) құрамына қабылданды. 1967 жылдан бастап Республикалық өнер және цирк студиясында сабақ берді. Құрманғалиев Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операларында күрделі партиялар мен рөлдерді ойнады. Оның орындауында халық әндері асқақ та әсем әуезімен аспан астын толтыра сорғалай шырқады. Ол әрбір әуенді әуелете салған сайын оған жан мен жүрек бітіріп, дауыс сазына даланың ұланғайыр дарқандығын өз көңіл толқынысымен ұштастыра сиғызып жіберетін. Ғарифолла аңыратып, жамыратып ән төкпелеткен кезде тыңдаушының көз алдына арқыраған арғымақтар мен аса киелі аруаналар даласының кескін-келбеті келеді. Ақтарыла тасыған ақ жарма өзендер мен ағын сулар әуені қыран қүстардың қанат қағысы, алып таулар асқақтығы, ақиық ақын Махамбет жырының атойы бар бояуымен, ішкі рух нәр-нақышымен Ғарекеңнің өз жүрек түкпірінен шығып жатарды. Ол өзі негізін салып кеткен әншілік мектептің осындай өзгеше орындаушылық шеберлікті қажет ететін дара қасиеттері бар. Оның кемеліне келтіре орындаған «Айнамкөз», «Үлкен айдай», «Ақ кербез», «Ісмет», «Боз жорға», «Он алты кыз» т. б. халық әндері жұртшылық көңілінен берік орын алды. Ол орындаушылық өнерімен катар, өзі де көптеген әндер («Ақ Жайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйемін туған өлкемді») шығарды.