«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Жангиров Кенжеғалидың гимнастеркасы

Мұхит Мералиев атындағы тарихи – өлкетану музейі
Жангиров Кенжеғалидың гимнастеркасы

Сипаттама

ҰОС-да ерекше ротаны басқарған, қолбасшыларға беретін Александр Невский орденінің иегері Жангиров Кенжеғалидың гимнастеркасы

БҚО, Қаратөбе ауданы, Қаратөбе ауылының тұрғыны Мұқан Жангиров Мұхит Мералиев атындағы тарихи – өлкетану музейіне сый ретінде тапсырған. Жасыл түсті, матадан тігілген. Тік жағалы, оң жақ кеуде тұсында қалтасы бар. Гимнастерканың түсі өңген.

Материалы- мата.

БҚОМ.ф.ММ 35/1.

Кенжеғали Жәңгіров — 1912 жылы 15 наурызда Қаратөбе ауданының Ақкөл елді мекенінде дүниеге келген. 1930 жылы қазақ мектебінің      7 сыныбын бітіргеннен кейін Кенжеғали ауылдағы өндірістік және қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Ол «Аққозы» шаруашылығында техник хатшы, Қаратөбе байланыс бөлімшесінде қызметші болып жасады. 1936 жылдың басынан 1942 жылға дейін Жымпиты ауданының мәдениет бөлімінде еңбек етті. Сонда жүріп Ұлы Отан соғысына аттанды. Кенжеғали Жәңгіров майдан далаларында нағыз қаһармандық ерліктің үлгілерін көрсетті. Әскери өмірдің алғашқы күндерін Тула, Курск бағытында бастады. 1942 жылдың сәуірінен 1943 жылдың желтоқсанына дейін 1285-атқыштар полкінің құрамында взвод командирі болып алғашқы ұрысқа қатынасып, кейіннен әскери білімін жетілдіріп, кіші командир атағына ие болды. 1943 жылдың қыркүйек айынан бастап соғыс аяқталғанша ерекше атқыштар ротасының командирі болып, Орталық майданда, одан кейін Брянск майданында жауынгерлерді ерлік пен жеңіс жолына бастады. Ол ерекше ротаға командир болып, талай қиын тапсырмаларды тапқырлықпен орындай білді. 1944 жылдың 20 қаңтарында Кеңес Қарулы Күштері бүкіл жауды өз жеріне карай мықтап тықсырып бара жатқан кез болатын. Біздің әскерлер Нарва өзеніне қарай тақап қалған. Арғы жағында дұшпанның мықты бекінісі. Сүйем жер аттасаң — қатерге аяқ басқаның. 1343-атқыштар полкіне Нарва өзенінен өтуге бұйрық берілді. Оның ішінде К.Жәңгіров басқаратын рота өзеннен бірінші болып өтуі тиіс. Бұрын да талай қиын тапсырмаларды орындап, шайқаста шыныққан, оның үстіне дұшпанның айла-тәсілін әбден біліп алған жауынгерлер тіпті жүрексінер емес. Рота солдаттары қару-жарақты сайлап, өтетін шебін белгілеп алды. Қарсыластар да тек жатқан жоқ. Кеңес әскерлеріне бөгет жасау үшін өзеннің мұзын ойып тастаған. Дегенмен біздің жауынгерлер қапысын тауып, өзеннен аман-есен өтіп алып, дұшпанға тарпа бас салады. Кеңес солдаттарының тегеурінді екпініне төтеп бере алмаған дұшпан әскерлерінің артына қайырылып қарауға да шамасы келмеді. Сол күнгі шайқаста рота 17 жауды жер жастандырып, 8-ін қолға түсірді. Оның ішінде бір унтер офицері бар. Немістің 50 қарақшысын атып түсіріп, бір ұшқышы тұтқынға алды. Нарва түбіндегі шайқаста тапсырманы ойдағыдай орындап, фашистердің құрамасын жоюда тактикалық жеңіске ие болғаны үшін рота командирі К.Жәңгіровті қолбасшыға лайық Александр Невский орденімен марапаттады.

Scroll to Top