«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Құдағи жүзік

01.06.2026·«Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

Сипаттама

Құдағи жүзік

Батыс Қазақстан облыстық тарихи- өлкетану музейі қорындағы жинақталған дәстүрлі өнер коллекцияларының ішіндегі  қайталанбас туындылардың бірі- зергерлік бұйымдар.

Зергерлік бұйымдардың алуан түрі бар. Олардың дені- әйел әшекейі болып келеді.  Бұл бұйымдар эстетикалық сұлулықты көрсетіп қана қоймай, салт- санаға, дәстүрге сәйкес бірқатар функциялық мән- мағынаны білдіріп тұрады.

Сондай әшекейдің бірі- құдағи жүзік. Жұмсақ, қақатауға төзімді, оңай өңделетін металл- күмістен жасалған. Қос саусаққа бірдей киілетін үсті шаңырақ тәрізді жалпақ, беті көлемді, кейде күмбезді болып келеді.  Жарқыраған  ашық түсті күмбезге екі жерден шаңыраққа ұқсас өрнек немесе кей жерде үшбұрышты, дөңгелек секілді өрнектер салынған. Жүзіктің ортасындағы  бөліп тұратын ұзын сопақша келген пішін- некені сақтап қалуда үлкен рөл атқаратын ұрпақ жалғастығы ырымына негізделген.  Астында екі саусаққа қатар киілетін қос бауырдағы болады. Құдағи жүзіктер көбіне қазақстанның батысы және  оңтүстік- батысында жасалған.

Құдағи жүзікті қыздың анасы құдағиына бір жылдан соң тарту ету  үшін арнайы жасатқан.Бірақ барлық құдағиға бірдей мұндай дәстүрлі тарту жасалмаған. Құдағи жүзік – жаңа түскен келініне аналық мейірім шуағын төге білген парасатты құдағилар ғана және  құдандалы екі рудың бір- біріне  ынтымағы үшін сыйға тартылатын  дәстүрлі сыйлық. Екі саусаққа кигізілуінің өзіндік себебі де бар: екі елдің баласы тіл табысып, бір шаңырақ көтеріп, бір отбасыға айналды дегенді білдіреді екен. Ірге көтерген шаңырақтың босағасы берік, ғұмыры ұзақ болуын қос құдағи осы жүзіктей берік ұстап, көңіліміз күмістей таза, жарқырап жүрсін деген ниетпен тағылған. Оң қолының  ортаңғы екі саусағына кигізгенде, төрт саусақ сыртын түгел жуық жауып тұрады.Зергерлік бұйымдар көбінесе асыл тастармен безендірілетін болған. Қазақ оны  «тас» немесе «көз» деп атайды. Мұндай салыстыруда кездейсоқ емес,  орнатылған тас бәрін байқайтын, қорғайтын көз ретінде  қабылданып,  онда сиқырлы күші бар деп саналған. Үлкен, тасбақа қабығына ұқсас жүзіктер ұзақ өмір символы деп қабылданған. Өйткені шығыста тасбақа ең ұзақ жасайтын жәндік деп есептелінеді.

Құдағи жүзік- адамдар арасындағы сыйластықтың, адамдарға көрсетілген ілтипаттың, құрметтің белгісі.

«заманда өнер жасайды» дегенді жеткізген бабаларымыз өздерінің жүріп өткен жолдары мен көңіл толқыныстарын қолөнермен бірге өріп, жеткізіп отырған. Сыры мен сымбаты бөлек мейлінше  қарапайым қолданыстағы  қолөнер бұйымдары  алдағы уақытта да  ғасырдан ғасырға  жалғасып,  өнегелі ғұмырын ұзарта беретінінде сөз жоқ.

Суреттегі құдағи жүзіктерді  музей қорына  1991 жылы  белгілі ғалым Мәтжан тілеужанов тапсырған екен.

Гүлмира Кауланова,
БҚО музейі,  қор бөлімінің меңгерушісі

(«Дана. kaz» журналы, № 9(10)  қараша, 2013ж. жәдігер бөлімі 8 бет)

Scroll to Top