Скарабей – қи қоңызы түріндегі алтын сырға
Сипаттама
Орал қаласының орталық орталық музейіне келушілер археология залындағы экспозицияда көрсетілген жәдігер-скарабей қоңызы түріндегі сырғаға қызыға қарайды.
Әлемде сирек кездесетін бұл алтын сырға 1974 жылы А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық интитутының профессоры Гаяз кушаев басқарған археологиялық экспедициясының қазба жұмыстары кезінде табылған. Табылған жері- Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы Мұқыр І бейітіндегі № 9 оба.
Зерттеушілердің болжауынша, табылған жәдігер ХІV-ХV ғасырларға жатады. Сырға 583 таңбалы алтыннан жасалған, салмағы -3, 93 грамм. «Қоңыз» үрлеу әдісімен жасалған, іші қуыс, жіңішке сымға дәнекерленген. Қоңыз бейнесі көлемді, дөңес келген, бедер салынған (штампованное). Бір қызығы, қи қоңыз түріндегі бұндай сырға Қазақстанның басқа жерінен табылмаған.к осы бейіттен шығып отыр.
Қоңыздардың «жалпақмұрттылар» тобына жататын қи қоңызы (скарабей- латын тілінде- Scarabaeus)- шығыс елдерінде (мысалы, ежелгі және орта ғасырлық Египетте) «Күннің жолын қайталайтын қасиетті жәндік» саналады екен. Өйткені қи қоңызы тұқымы жетіліп, жарыққа шыққанша өз «шарын» батыстан шығысқа қарай домалатады. Яғни, қоңыз тірі әлемді өмірге қайта келуге жағдай жасауда, жарық пен жылуды бөлетін Күн тәріздес аспанда саяхат жасайды. Мысырлықтардың ұғымында «Барлық ұсақ жануарлар Ніл өзенінен, ал қоңыз ғана шөлді құмнан жаратылады» деп есептелген екен. Сондай-ақ скарабей қоңызы аңыздарда Күн құдайының қасиетті жәндігі және Күннің жасампаз күші, о дүниеде өмірге қайта келу белгісі ретінде бағаланыпты.
Айта кетерлігі, Батыс қазақстан облыстық тарих және археология орталығы 2008 жылы Денис марыксиннің бастауымен Мұқыр І кешенінде тағы да қазба жұмыстарын жүргізген еді. Бұл жерде Алтын орда кезеңінен қалған шағын шоғырланған обалар ауданы анықталды. Қазба кезінде ХV ғасырға жататын күміс теңгелер, алтын, күміс сырғалар, салпыншақтар табылған.
«Қи қоңызы тәріздес сырғаның табылуы ХІV ғасырда Қазақстан мен Орта Азияны мекендеген халықтардың Шығыс елдерімен қарым- қатынас жасап тұрғанына айғақ болады»- дейді ғалымдар.
Гүлмира Кауланова, БҚО музейі, қор бөлімінің меңгерушісі
(«Дана. kaz» журналы, № 3(4) сәуір, 2013ж. жәдігер бөлімі 50 бет