Қыпшақ жауынгері
Сипаттама
1969 жылы А.С Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының археологиялық экспедициясы Батыс Қазақстан облысының Шалқар маңынан Сантас жонындағы обаларға жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде қыпшақ жауынгерінің мүрдесін тапты. Ол бүкіл қару-жарағымен бірге жерленген. Мәйіттің бет жүзі металдан жасалған, дөңгелек пішінді көзге көруге арналған тесігі бар бетпердемен жабылған. Бетперде өте жұқа, жұмсақ, ақшыл металдан- күмістен жасалған. Табылған жауынгер үстіне, металдық пластина сауыт кигізілген. Сауыт бір-біріне пластиналар арқылы құрастырылған. Сүлденің оң жақ бұғанасының қасында үлкен сопақ — дөңгелек тау жынысынан немесе әйнектен жасалған моншақ, иықтан төмен оң жақ қолдың қасында жебелер салынған қорамсақ жатты. Құстың қанаттарына ұқсатып жасалған садағы қойылған. Темірден және сүйектен жасалған жебелер ұштарымен мәйттің бас жағына қаратып қойған. Қаңқаның сол жағында түзу айқасқан ұзындығы он бес см және ұшының аяғы қалпақ тәріздес семсер сабы ағашпен салынған болатын. ХХ-ғасырдың 70-жылдары Орал қаласына ақиық ақын Жұбан Молдағалиев келіп, облыстық музейде болып, ежелгі қыпшақ жауынгерінің мүрдесін экспозициядан көрген кездегі үлкен толғанысынан «Суырылмай қалған семсер» — атты өлеңін жазған. Табылған қыпшақ жауынгерінің бет және бас сүйектеріне қарай отырып, сыртқы бет-бейнесінің антропологиялық мүсінінің реконструкциясы жасалды.