«Көне ойыншық — кемел тәрбиенің көзі» атты балалар көрмесі
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық музейлер күніне орай «Көне ойыншық — кемел тәрбиенің көзі» атты балаларға арналған ерекше көрме ұйымдастырылды.
Көрменің мақсаты — ұлттық және дәстүрлі ойыншықтарды насихаттап, жас ұрпақтың тарихи-мәдени мұраға қызығушылығын арттыру. Көрме барысында балалар көне ойыншықтармен танысып қана қоймай, ұлттық ойындардың қызығына бөленді. Атап айтқанда, бүлдіршіндер арасында асық ату, бес асық, алтын сақина секілді ұлттық ойындар ойнатылып, ептілік пен тапқырлық сынға түсті. Сонымен қатар, қолөнер шебері Гүлдерайым Алгалиева ұлттық ойыншықтар жасап көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Көрме аясында балалар өздерінің сүйікті ойыншықтары туралы әңгімелеп, сұрақтарға белсене жауап берді. Белсенді қатысушыларға қазақ әдеби жырлары, кішкентай философ сериясымен шыққан кітаптар табысталды. Көрме барысында Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенті Ертөре Бақытқали домбыраның күй ырғағымен ортекені билетіп, көрермендерді тәнті етті.
Балалық шақтың тәтті естеліктерін жаңғыртқан тағылымды шара кішкентай қонақтарға көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады. Ұлттық мұрамыз ұлықтала берсін!