«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Батыс Қазақстаннан табылған Алтын Орда тиындары: жаңа ғылыми зерттеу

20.05.2026 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры халықаралық музей конгресінде Алтын Орда тиындары жөнінде баяндама жасады

Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өтіп жатқан «Тарихи-мәдени мұраны сақтау: инновациялар және цифрлық трансформация» атты IV Халықаралық Қазақстан музей конгресі аясында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Набиоллаұлы ғылыми баяндама жасады.

«Түркі әлемі музейлері: ортақ мұра, интеграция және бірлескен жобалар» секциялық отырысында ұсынылған баяндама Батыс Қазақстан облысы аумағынан табылып, музей қорында сақталған Жошы Ұлысы (Алтын Орда) кезеңіне жататын тиындарды зерттеу және каталогтау жұмыстарына арналды.

Зерттеу барысында музей қорындағы 70 дана күміс және мыс тиын алғаш рет кешенді түрде жүйеленіп, олардың билеушілері, соғылған ақша сарайлары және табылған орындары бойынша ғылыми сипаттамасы жасалды. Тиындардағы араб графикасымен жазылған мәтіндерді музей маманы Орынбасар Нұрланұлы оқып, аударып, ғылыми талдау жүргізді.

Ғылыми зерттеу нәтижесінде Тоқты хан дәуіріне жататын 6 тиын, Өзбек хан кезеңінің 23 тиыны, Жәнібек хан дәуірінің 29 тиыны, Бердібек ханның 1 тиыны, Қызыр ханның 2 тиыны, Мұхаммед ханның 1 тиыны және Тоқтамыс хан дәуірінің 2 тиыны анықталды. Сонымен қатар 2 аноним және 4 анықталмаған тиын ғылыми тіркеуге енгізілді.

Баяндамада Сарай, Сарай әл-Махруса, Сарай әл-Жәдид, Хорезм, Гүлстан және Орда секілді ірі ақша соғу орталықтарының Батыс Қазақстан өңірімен тарихи байланыстары жан-жақты қарастырылды. Зерттеу нәтижелері XIII–XIV ғасырлардағы өңірдің халықаралық сауда-экономикалық және мәдени кеңістіктегі маңызды орнын айқындайды.

Аталған ғылыми жұмыс Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы нумизматикалық мұраны ғылыми айналымға енгізуге, өңірдің ортағасырлық тарихын тереңірек зерделеуге және Жошы Ұлысы дәуірінің тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға тың серпін береді.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі алдағы уақытта да қордағы тарихи жәдігерлерді зерттеу, жүйелеу және ғылыми қауымдастыққа таныстыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.

Scroll to Top