«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

18 мамыр – Халықаралық музейлер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

18.05.2026 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

Құрметті жерлестер, қадірлі қонақтар, ардақты әріптестер!
Сіздерді 18 мамыр – Халықаралық музейлер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Музей – халқымыздың тарихи жады мен рухани мұрасын сақтайтын қасиетті орда. Ұлттың өткені мен бүгінін жалғап, келешек ұрпаққа аманат ететін алтын көпір де – осы музей. Биыл Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі өзінің 190 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт ішінде музей өңіріміздің бай тарихын түгендеп, ұлт руханиятының асыл қазыналарын сақтап келе жатқан тағылымды мекенге айналды.
Бүгінгі мерекелік бағдарлама аясында халқымыздың мәдениеті мен тарихын дәріптейтін мазмұнды шаралар ұйымдастырылып отыр. «Орал – ашық аспан астындағы музей» экскурсиясы арқылы көне шаһардың тарихымен танысып, ұлттық мұрамызға терең бойлаймыз. «Көне ойыншық — кемел тәрбиенің көзі» көрмесі арқылы ұлттық тәрбиенің мәнін ұғынсақ, «Атадан қалған ақ сауыт» көрмесі бабаларымыздың жауынгерлік мәдениеті мен қолөнер дәстүрін кеңінен насихаттайды.
Кешкі «Ғасырлар үнін сақтаған қасиетті орда» атты мерекелік концерт те тағылым мен технология үндескен ерекше рухани кеш болмақ.

Концерт шымылдығы жасанды интеллект көмегімен әзірленген «Балбалтас баяны» бейнеролигімен ашылады. Бейнеролик арқылы көне дәуірлерден жеткен балбал тастардың тарихы сөйлеп, ұлы даланың шежіресі мен бабалар мұрасы көрерменге заманауи форматта ұсынылады. Бұл – тарихи мұраны жаңа технология арқылы жас ұрпаққа жақындатып, ұлттық құндылықтарды жаңаша насихаттаудың жарқын үлгісі.
Сондай-ақ осы кеште музей экспозициясында сақталған халқымыздың біртуар тұлғалары — Махамбет Өтемісұлы мен Құрманғазы Сағырбайұлының қасиетті домбыраларымен күй орындалады. Бұл — тарих пен руханият тоғысқан, бабалар үнін бүгінгі ұрпақпен қауыштыратын ерекше сәт. Киелі домбыралардан төгілген күй әрбір көрерменнің жүрегіне ұлттық рух пен тағылым сыйлайды деп сенеміз.
Музей – тек өткеннің естелігі емес, болашаққа бағдар беретін рухани мектеп. Сондықтан тарихи мұраны сақтау, оны келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ парызымыз.
Осы мерекеде музей саласының ардагерлеріне, қызметкерлеріне, өлкетанушыларға, қолөнер шеберлеріне және рухани мұраны дәріптеуге үлес қосып жүрген барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін.
Баршаңызды Халықаралық музейлер күнімен тағы да құттықтай отырып, зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!
Тарихымыздың тағылымы мәңгі жасай берсін!
Музейіміздің мерейі асқақ болсын!

Ізгі тілекпен,
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Набиоллаұлы

Scroll to Top