«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Киіз үй құрылып, этнография залы ашылды

20.03.2026 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ата-бабадан аманат болып жеткен асыл мұраларымызды дәріптеу мақсатында облыстық музейде жаңа зал ашылды. Зал ішіне киіз үй толық құрылып, қазақы тұрмыс, ұлттық түсінік бойынша жабдықталды. Музейге келген қонақтар киіз үйдің сәулеті мен сән-салтанатын, төл қолөнер бұйымдарын көріп, ұлттық дүниетанымға қанық болады. БҚО облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Набиоллаұлы: «Бұл зал – халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін танытатын рухани қазына ордасы. Этнография залының ашылуы – музейіміз үшін маңызды мәдени оқиға». – деп атап өтті.

Күн мен түннің теңеліп, табиғаттың жаңаратын шағы – Наурыз мейрамының қарсаңында этнография залының ашылуы ұлттық дәстүрлермен байланыстырылды. Қазақ халқы ежелден отбасы құндылығы, ұрпақ жалғастығын ерекше қастерлеген. Соның бір айғағы – аналықтың символына айналған қасиетті кимешек.
Кимешек – жай ғана бас киім емес. Ол – әйелдің ана атанғанының белгісі. Келінінің бойына бала біткенін білгеннен кейін енесі ауыл ішіндегі сыйлы, құрметті, көп балалы анаға «келініме жолыңды берсін, абыройлы, дана болсын» деген ниетпен арнайылап кимешек тіктіретін болған. Осы орайда қазақ халқының ана мен балаға қатысты қасиетті салт-дәстүріне тоқталып, мәні мен маңызын терең түсіну үшін «Ене тағылымы», «Ғибрат алдық анадан» атты қос кітаптың авторы, БҚО әжелер алқасы төрағасының орынбасары Тамара Нәбиқызы Сейтақ облыстық музейге арнайы қонақ ретінде шақырылды.

Scroll to Top