Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, график-суретші, ардагер-спортшы Құбайболла Хамзаұлы Хасановтың «Өрнекті жылдар…» дербес көрмесі
Бүгін “Атамекен” өнер ордасының көрме залында Ақжайық өңірінің мәдениеті мен спортына өзіндік үлес қосқан, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, график-суретші, ардагер-спортшы Құбайболла Хамзаұлы Хасановтың «Өрнекті жылдар…» дербес көрмесі ашылды.
Суретшілік өнер мен кәсіби спортты қатар дәріптеген хас шебер дәл бүгін сексеннің сеңгіріне шығып отыр.
Құбайболла Хамзаұлы Хасанов 1946 жылы 10 сәуірде Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Петров ауылында дүниеге келген. Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін (қазіргі О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі) тәмамдаған. Шығармашылық жолын туған өлкесі Атырау және Батыс Қазақстан өңірлерінде бастаған. Ол — қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар, шынайылық пен ұлттық нақышты шебер үйлестірген қылқалам шебері. Өз туындыларын графиканың ерекше үлгісінде бейнелеп, кескіндеме мен графика өнеріне елеулі үлес қосты. Сонымен қатар, шығармашылық ізденіс барысында абстракционизм, импрессионизм және символизм бағыттарын да қамтыған. Суретшінің негізгі жанры — пейзаж. Оның жұмыстарында қазақ халқының тұрмыс-салты, табиғат көріністері, тарихи тұлғалар мен замандастарының бейнесі түстердің қанықтығымен, жарық пен көлеңкенің үйлесімімен ерекшеленген. Туындылары облыстық тарихи-өлкетану музейінде, сондай-ақ Ресей, Түркия және Еуропа елдерінің жеке коллекцияларында сақтаулы.
Өнермен қатар спортты серік еткен ол — парапауэрлифтингтен екі дүркін Азия чемпионы (2004 ж. Үндістан; 2006 ж. Филиппин).
Өңірдегі параспорттың дамуына зор үлес қосып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді атсалысып келеді.
Ұлы Абайдың 150 жылдығында 150 шақырым жолды жаяу еңсерсе, Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығы құрметіне 90 шақырым, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 80 шақырым жолды жаяу жүріп өткен.
Бейнелеу өнері – ұлттық дүниетанымның көкжиегін кеңейтетін көркем өнер. Бүгін ашылған «Өрнекті жылдар…» көрмесі айрықша туындыларға толы, адамды тұңғиық әлемге жетелейтін өзге әлем. Мұндай бағыттағы суретшілер өз еңбектерінде түпсаналық болмысты қамтып, шындықты бейнелейді.
Көрменің ашылуында БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин өнер иесіне құрмет білдіріп, иығына шапан жапты.
Талантты түлеткен тұғыр — Бәйтерек ауданы халқының сәлемін жеткізген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дәулеткерей Құсайнов аудан әкімінің ақ тілегін жолдап, сый-сияпатын ұсынды.
Құбайболла Хамзаұлының өнердегі, спорттағы сырлас дос, сыйлас бауырлары да сөз арнап, құрмет білдірді.