“Қазақстан” газетіне 115 жыл толды
Осыдан 115 жыл бұрын, 1911 жылғы 16 наурыз күні тұңғыш мерзімді басылым «Қазақстан» газетінің аққанат алғашқы саны жарық көрген еді. Айтулы күнге орай бүгін облыстық музейде “Ғұмар Қараш – ұлт руханиятының жетекшісі” тақырыбымен көрме ашылды.
«Қазақстан» атауымен елге газет таратудың мехнатты жолын еңсеріп, ұйымдастырушылық жауапкершілігін атқарған көрнекті ақын, ойшыл-философ, ағартушы, ғұлама-ахун Ғұмар Қараштың (1874-1921) есімін кеңінен насихаттау мақсатындағы көрменің осы күнге орайластырылуы сондықтан.
Тарихи күнге тұспа-тұс келген шараға облыстың зиялы қауымы мен БАҚ өкілдері, тарихшылар, Ғұмартанушылар мен жас зерттеушілер қатысты.
Шара ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік өмірінде маңызды рөл атқарған басылымдардың бірі — “Қазақстан” газеті туралы деректі фильммен ашылды.
Қазақтың өз алдына тәуелсіз ел болуын армандаған, сол жолда аянбай еңбек еткен қайраткер Ғұмар Қараштың немересі Қарашева Нәдия Бұрханқызының әсерлі сұхбатын келушілер зор ықыласпен тыңдады.