25 жылдық мерейтойы қарсаңында музей қорына жәдігер табысталды!
Қазақ өнерінің мұзарт шыңын бағындырып, қалың елдің ыстық ықыласы мен қошемет-құрметіне бөленіп жүрген “МұзАрт” тобы БҚО тарихи-өлкетану музейіне қонаққа келді.
25 жыл қазақ өнерінің дамуына үлес қосып, 25 жыл сахнада үздіксіз қазақ әндерін насихаттап жүрген өнер иелері өлкетану музейінде өлке тарихымен танысты. Өткен күннен үнсіз ғана сыр шертіп тұрған жәдігерлерге зер салып, батыс жұртының тыныс-тіршілігіне қанықты.
Мәдениет саласының саңлақтары күй атасы Құрманғазының есімімен басталатын күйші-жыршылардың домбыраларына ерекше көңіл бөлді. Музей жәдігерін қолмен ұстауға болмайды десек те, қазақтың төл домбырасының үні кетпесі үшін оны шертіп тұру маңызды. Музей қорына табысталғалы ішегіне қол тимеген домбыралардың құлағын бұрап, үнін келтіруге бұл жолы рұқсат етілді. Осылайша дауылпаз ақын, батыр Махамбеттің, Құрманғазы мен Динаның домбыраларының көшірмесін, күйші Қали Жантілеуовтың өз домбырасын МұзАрт жігіттері қолмен ұстап, әп сәтте айналасына жиыла қалған жұртты риза қылды.
Келген қонағын құр қайтармайтын дәстүрмен музей тарапынан әншілерге сый таратылып, тиісінше МұзАрт атынан да музей қорына жәдігер табысталды. Биыл үлкен сахнаға үштік болып шығып өнер жолын бастағанына 25 жыл толатын жігіттер мерейтойлық жейделерін сыйға тартып, қолтаңба қойды. Музей ұжымының ару қала Алматыға жолы түскенде өздері ұстаған домбыра мен тұтынған заттарын беріп жіберуге уағдаласты.
Сахнада жүрген өнер иелерінің музей аралап, мәдениет пен тарихты насихаттауы көпке үлгі, өзгелерге өнеге болары сөзсіз.