Қарашығанақтың кіндігін кескен Камалов
«Атамекен» өнер ордасының көрме залында кен орнының көзін ашқан ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Академигі, II дәрежелі «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері, «Орал қаласының құрметті азаматы» Камалов Сухан Мақсотұлының 90 жылдығына орай көрме оздырылды. Аталмыш шара Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен ұйымдастырылып, жасақталды. Көрмеге арнайы шақырылған қонақтар, ғалымның жұбайы-Әмина Күмісқызы, ұлы-Нұржан Суханұлы Камалов, музейдің бөлім меңгерушілері, қызметкерлері, ЖОО студенттері қатысты.
Көрменің ашылуы салтанаты Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сафуллин Жантас Набиоллаұлының алдысөзімен басталып, Сухан Мақсотұлымен замандас, қызметтес, әріптес болған қадірлі қонақтардың жылы лебіздерімен, естеліктерімен жалғасын тапты.
Өңірімізге маңызы зор ғылыми, өндірістік салаға өзіндік із қалдырған ғалымның өмірлік, қызметтік және ғылым дамуындағы еңбегі, тәжірибесі өскелең ұрпаққа баға жетпес мұра екенін дәріптейтін жоғары деңгейлі рухани еске алу кеші ғалымның жұбайының жылы лебізімен өз мәресіне жетті.